Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйелін үйден күштеп қуып шыққан экс-әкімнің ағасы 5 тәулікке қамауға алынды

Жоғарғы сот әйелі мен үш баласын үйінен зорлықпен қуып шыққан Шымкенттің экс-әкімі Мұрат Әйтеновтың ағасы Марат Әйтеновке қатысты істі қарады. Әйелін балағаттап, оған қол көтерді деп айыпталған күдікті өз кінәсін мойындаған жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Дана Әтешованың Instagram желісінен

Істің мән-жайы бойынша, құқық бұзушы үйдегі отбасылық жанжал кезінде бұрынғы жұбайының абыройы мен қадір-қасиетін қорлап, оған дөрекі сөйлеген. Осылайша басқа адамдардың да тыныштығын бұзған.

“Сот отырысы барысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Айтуынша, бұрынғы жұбайы оның өтінішімен балаларын беруден бас тартып, олардың қолдарынан ұстап жібермеген. Ол балаларды әкету үшін еденде отырған әйелдің аяқтарынан тартқан. Сондай-ақ ол әдепсіз сөз айтпағанын, оны ұрмағанын айтып, ақталды”, – делінген хабарламада.

Жәбірленушінің айтуынша, бұрынғы күйеуі оны көшіру кезінде күш көрсетіп, оған шабуыл жасап, денесіне зақым келтірген. Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайлары әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен, жәбірленушінің түсіндірмелерімен расталады.

“Жоғарыда келтірілген мән-жайларды, сондай-ақ жұртқа теріс әсер ететін және жеке адамның құқықтарына қол сұғатын жасалған іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып, құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігі (Адамдарды сыйламаушылықты білдіретін, олардың тыныштығын бұзатын, әдепсіз сөз айту, қорлау, тұрмыстық заттарын бүлдіру) бойынша кінәлі деп танылды. Оған жаза тағайындалып, 5 тәулікке қамауға алынды”, – деп мәлімдеді ведомство.

Еске салсақ, бұрынғы күйеуі үйінен күшпен қуып шыққан Дана Әтешова президенттен көмек сұраған еді. Оны экс-күйеуі үйінен полицейлердің көзінше зорлық әрекетін жасап қуып шыққан.

Сондай-ақ Марат Әйтеновтың экс-әйелі бұрынғы күйеуіне қолдау білдірген еді.

 

Талқылау