Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жарты миллион ұйғыр қамауда отыр: Қытай лагерлері туралы құжат БАҚ назарына ілікті

Қытай үкіметі Синзцян Ұйғыр автономиясындағы «тәрбиелеу» түрмесіне қамалған жүздеген мың мұсылмандарға жүйелі түрде саяси идеяларын күштеп насихаттаумен айналысып жатыр. Оны Халықаралық журналист-зерттеушілер консорциумының  (ICIJ) қолына түскен құжаттардан байқауға болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентті BBC басылымына сілтеме жасап.

Қытайдағы ұйғырларға арналған түрменің құжаттары БАҚ-та тарап кетті
Пекин түзеу лагерлерінде еріктілерді оқытамыз дейді, алайда қатаң тәртіп пен қамалғандарды үнемі бейнебақылаудан қарап, ұстау жайлы деректер құжаттарда көрсетілген.

ICIJ-ға түскен құжаттардың ішінде Қытай партия атқарымпазының қолы қойылған нұсқаулық, лагер ішінде кең таралып жатқан бюллетень, сондай-ақ, діни  көзқарасы үшін 10 жылға лагерге қамалған ұйғыр азаматына кесілген сот үкімі туралы деректер кездеседі. 

ICIJ құрамына Би-би-си «Панорама» бағдарламасы мен Guardian газеті кіретін 17 медиа-серіктесімен бірлесе отырып, құжаттарды зерттеп шықты. Ақпараттың тарап кетуіне қатысты Пекин ешқандай пікір білдірмеді, Британиядағы Қытай елшілігі құжаттардың жалған екендігін айтты.

Пекин көрсеткен ресми нұсқа бойынша, лагердегі курсқа экстремистер өз еркімен келіп жазылады. Алайда зерттеушілер бұл пайымды жоққа шығаратын дәлелдерді тапты.

Журналистер лагерде сот үкімінсіз жарты миллионға жуық адам отырғанын және олардың басым бөлігі ұйғырлар деген қорытынды жасады.

Құжаттардың арасында Синзцян Ұйғыр автономиясының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен, партия секретариятның бұрынғы басшысы Жу Хайлуннің 9 беттен тұратын нұсқаулығы табылған. Жу лагер басшыларынан қатаң тәртіп, тұтқындарға жаза қолдану мен қашып кетпеудің алдын алуды талап етеді. 

Оның бұйрығы бойынша:

  • «Лагерден қашу деген болмау керек»
  • «Тәртіпты нығайтып, тәртіп бұзушыларды қатаң жазалау керек»
  • «Тұтқынды мойындау мен өкіну деңгейіне жеткізу керек»
  • «Қытай тілі курсының басымдылығын арттыру»
  • «Студенттердің толық трансформациясын қамтамасыз ету»
  • «Жатақхана мен сыныптардағы бейнебақылау жүйесінің дұрыс жұмыс істеп тұруын қадағалау, «соқыр зоналарды» жою»

Құжаттарда көрсетілгендей, тұтқындардың әр басқан қадамы бақылауға алынған. «Студенттің өз төсегі, кезектегі өз орны мен сабақ қарайтын бөлмесі, өз жұмыс станогы болуы керек. Орын ауыстыруға қатаң тыйым салынады».

«Көтерілу, есім бойынша тексеру, жуу, жуынатын бөлмеге бару, үй шаруашылығы, тамақ, оқу, ұйқы, есікті жабу және т.б. бойынша тәртіп ережелерін енгізу», - деп нұсқаулық береді Жу Хайлунь.

Өзге құжаттардан тұтқындар санының қалай артқанын көруге болады. Айталық оңтүстік аймақтың бір өзінен 2017 жылы 15 мың адам лагерге жөнелтілген.

Human Rights Watch Құқық қорғау ұйымының Қытай бөлімінің директоры Софи Ричардсон құжаттарды прокуратура толық оқып зерттеуі керек дейді.

«Адам құқығын аяққа таптады дегенді дәлелдеуге болатын айғақ бұл құжаттар. Тұтқындар психологиялық азап шегіп жатыр, себебі олар өздерінің қашан босап шығатынын, лагерде қанша отыратынын білмейді», дейді Ричардсон.

Нұсқаулық бойынша, өз құндылықтары мен тілін, дінін өзгерткен тұтқындар ғана бостандыққа шыға алады. 

Құжаттарға сәйкес, лагер тұтқындары оқу мен жұмыстағы үлгерімі, сондай-ақ идеологиялық трансформация белгілерінің байқалып отыруына қарай балл жинап отырады. 

Қанша балл жинағандарына сәйкес, отбасыларына хабарласа ала ма жоқ па немесе қашан босап шығатыны белгілі болады.  Әлеуеті мықты деген лагер тұтқынын анықтау үшін жан-жақты бақылау жасалады. Адамның жеке қабілеттерінің негізінде тәртіп бұзу ықтималдылығын анықтап отыратын арнайы бағдарлама қолданылады.  

Кейбір құжаттарда Zapya қосымшасын қолданғаны үшін ғана 1,8 млн ұйғыр бақылау объектісіне айналған деп көрсетіледі. Жүйе осы қосымшаның иесі болып табылатын 40 577 адамды тексеріп, күдік тудырады дегеннің барлығын лагерге жөнелтуді ұсынған. 

Сонымен қатар, құжаттардағы нұсқаулық бойынша өзге елде тұратын ұйғырларды аңду, өзге ел азаматтығын алған ішкі Қытайда жүрген барлық ұйғырларды қамауға алу керек делінген. Бұл әрекеттерден қытай елшіліктерін іске қосылғанын болжауға болады. 
 

Талқылау