Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Калифорниядағы өрт, Трамп пен Путиннің кездесуі, Ливанның жаңа президенті: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

Осы аптада АҚШ Конгресі Трамптың президенттік сайлаудағы жеңісін растады. Дональд Трамп қызметке келмей жатып жақында Украина мен Ресей арасындағы соғысты тоқтату үшін Путинмен кездесетінін мәлімдеген. Сонымен қатар Украина президенті Зеленскийдің екінші рет президент сайлауына түсетіні белігілі болды. Ал Ливанда жаңа президент билікке келді. Stan.kz тілшісі әлемдегі саяси жаңалықтарға апталық шолу ұсынады.

АҚШ Конгресі Трамптың президенттік сайлаудағы жеңісін растады

Фото: AP Photo 

Вице-президент Камала Харрис төрағалық ететін АҚШ Конгресі президенттік сайлаудағы Дональд Трамптың жеңісін растады.

Еске салсақ, осыдан төрт жыл бұрын Конгресс Джо Байденнің сайлаудағы жеңісін растаған кезде, жеңілген Трамптың жақтастары Капитолийге басып кірген еді.

Бұл жолы ондай жағдай орын алған жоқ. Алайда төрт жыл бұрынғы оқиғалардан кейін биыл Вашингтонда қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Қызметтен кететін президент Джо Байден 2021 жылдың 6 қаңтарындағы оқиғалардың қайталануын болдырмауға уәде берді.

АҚШ Конституциясына сәйкес, вице-президент сайлаушылардың дауыстарын растау үшін Конгресстің екі палатасының бірлескен отырысында ресми төрағалық етуі керек. Бұл рөл 2024 жылдың қарашасындағы президенттік сайлауда жеңіліс тапқан Камала Харриске бұйырды.

Трамп: Украинадағы соғыс Байденнің қателіктерінің нәтижесі

Фото: Reuters 

Дональд Трамп қазіргі АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігінің Украина бойынша келіссөздер барысында көптеген қателіктер жібергенін, соның салдарынан Ресей мен Украина арасында қақтығыс басталғанын айтты.

"Бұл келіссөздерде көптеген қателіктер жіберілді. Байденнің қандай келіссөздер жүргізгенін естігенде, соңы соғыспен аяқталады деп ойламаған едім”, – деді Трамп.

Трамп Ресейдің жағдайын түсінетінін айтты. Оның сөзінше соғыстың негізгі себебі Украинаның НАТО-ға кіруге ұмтылуы. Ресей бұл шешімді құпталмағанын айтады Трамп.

Соғысты тоқтатуымыз керек: Трамп Путинмен кездесетінін айтты

Фото: ТАСС

Дональд Трамп қазір Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуіне дайындық жүріп жатқанын айтты.

"Путиннің кездескісі келеді, біз дайындық үстіндеміз. Ол мұны ашық айтты. Біз бұл соғысты тоқтатуымыз керек ", – деп қосты Трамп.

Кремль Трамптың сөзіне әлі түсініктеме берген жоқ, бірақ бір күн бұрын Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков егер Трамп 20 қаңтардағы инаугурациядан кейін Ресей президентімен байланысуға ниетті болса, Мәскеу мұны құптайтынын айтты.

"Егер қызметке кіріскеннен кейін жоғары деңгейде байланыстарды қалпына келтіруге саяси ерік-жігер сақталса, әрине, президент Путин мұны құптайды", – деді ол.

Трамп бұған дейін билікке келгеннен кейін алты ай ішінде Путинмен келіссөз жүргізетінін айтқан еді.  Путиннің өзі желтоқсан айында Трамппен кездесуге дайын екенін мәлімдеген болатын.

Зеленский: Украинаның мақсаты – соғысты тоқтату

Фото: Getty Images 

Украина президенті Владимир Зеленский соғысты тоқтату туралы айтқан сөзінде  Путинмен Донбасста 2019 жылы атысты тоқтату туралы келісімге келгенін, алайда Ресейдің бұл келісімді бұзғанын алға тартты.

"Мен бірнеше рет қоңырау шалдым. Тағы бір рет кездесуді ұсындым. Ресейліктер кездесуден бас тартты. Біз әртүрлі елдер арқылы байланыс орнатуға тырыстық, бірақ орыстар келісімге келмеді", – деп еске алды Зеленский.

Украина президенті алдымен Трамппен кездесіп, келіссөздерге еуропалықтарды тартқысы келетінін айтты.

"Біз ең алдымен Трамппен кездесу өткіземіз. Біз соғысты және Путинді қалай тоқтатуға болатыны туралы келісімге келеміз деп ойлаймын. Қауіпсіздік бойынша мықты кепілдік ұсынса ғана ресейліктермен әңгіме болуы мүмкін. Біз үшін Еуропаның да пікірі маңызды.Трамп пен Еуропа елдері Украинаға қауіпсіздік кепілдігін ұсына алатынына сенімдімін ", – деді Украина президенті.

Зеленский Путиннің өзіне қатысты пікірін айтты.

"Егер Трамп атысты тоқтатып, үш айдан кейін Путин қайтадан шабуыл жасаса, не болады? Путин Трамптан қорқады. Путиннің мақсаты мені Трампқа қарсы қою", – деді Украина президенті.

Сонымен қатар, Украина президенті Владимир Зеленский Германияда Раммштейн форматындағы кездесуде сөйлеген Украина биыл соғысты тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтты.

"Мен биыл соғыс Украина мен бүкіл Еуропа үшін лайықты түрде аяқталуы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Соғысты тоқтату біздің ортақ мақсатымыз екенін бәріміз есте ұстауымыз керек. Ресей емес, украиндықтар, еуропалықтар, американдықтар және біздің көптеген жаһандық серіктестеріміз соғыстың тоқтағанын қалайды", – деді Зеленский.

Зеленский екінші рет президент сайлауына түспек

Фото: vrciro.org.ua

Украина президенті Владимир Зеленский екінші рет президенттік сайлауға түседі.

Telegraf басылымы Зеленскийдің басты бәсекелесі ретінде Украина Қарулы күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы және Украинаның Ұлыбританиядағы елшісі Валерий Залужныйды атады. Алайда Залужный президенттік сайлауға түсуге шешім қабылдаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады деген болжам бар.

Украинадағы президент сайлауы 2024 жылдың наурыз айына, Парламент сайлауы 2023 жылдың қазан айына жоспарланған еді. Алайда сайлаулар Украинадағы әскери жағдайға байланысты өткізілмеген.

2019 жылғы сайлау алдында Зеленский бір ғана президенттік мерзімге қатысамын және екінші рет сайлауға түспеймін деп уәде берген.

2023 жылдың тамызында ол соғыс кезінде 2024 жылы сайлау өтетін болса, ол тағы да президенттік сайлауға түсуге ниетті екенін айтты.

2025 жылы 6 қаңтарда берген сұхбатында Зеленский Украинадағы сайлау әскери жағдай жойылғаннан кейін бірден өтетінін айтты..

Калифорниядағы өрт

Фото: Getty Images

7 қаңтар күні АҚШ-тың Калифрния штатында орман өрті басталып, желдің әсерінен өрт аймаққа тез таралған. Дереккөздерге сәйкес, штаттың әртүрлі аймақтарында 130 000-нан 150 000 адамға дейін эвакуацияланған.

АҚШ президенті Джо Байден төтенше жағдай жариялады.

"Байден Калифорния штатында төтенше жағдай жариялады және федералды көмекке тапсырыс берді", – делінген хабарламада.

Мұндай шара федералды қаржыландыруды Лос-Анджелес округіндегі зардап шеккендерге қолжетімді ететіні атап өтілді. Ақша табиғи апат салдарымен күресу үшін жергілікті билік пен жеке коммерциялық емес ұйымдарға бағытталады.

Лос-Анджелес өрт сөндіру бөлімінің бастығы Кристин Кроули әлі қауіп бар екенін айтады. Өйткені жел әлі де басылмаған.

Көптеген танымал адамдардың үйлері өртеніп кеткен

Фото: АР

Калифорниядағы өрттің салдарынан көптеген американдық жұлдыздардың үйлері өртеніп кетті.

Атап айтқанда, америкалық модель және актриса Пэрис Хилтон баспанасынан айырылды. Комедиялық актер Билли Кристал да үйінің өртенгенін айтты. Ән жазушысы және хитмейкер Дайан Уоррен де үйінен айырылды. Сонымен қатар, актер Энтони Хопкинстің үйі өртенді.

Өртке байланысты актерлер Бен Аффлек, Том Хэнкс және Риз Уизерспун эвакуацияланды.

Фото: АР

Сонымен қатар, эвакуация аймағында АҚШ вице-президенті Камала Харристің жеке үйі орналасқан.

JPMorgan Chase & Co банкінің сарапшылары Лос-Анджелестегі өрттің сақтандырылған шығыны 20 миллиард доллардан асуы мүмкін, ал жалпы шығын 50 миллиард долларға жетуі ықтимал екенін айтты.

Бір күн бұрын олар өрт кезінде жойылған мүлік үшін сақтандыру төлемдерінің сомасын 10 миллиард долларға бағалаған.

"Өрттің экономикалық шығыны кешегі болжамнан екі есеге артып, шамамен 50 миллиард долларға жетті. Біз өтеуге жататын шығын 20 миллиард доллардан асуы мүмкін деп есептейміз. Егер өртті ауыздықтамаса, бұл баға артуы мүмкін", – делінген мәлімдемеде.

AZAL ұшағының апатына қатысты Әлиев: Біз әділдікті талап етеміз

Фото: Ашық дереккөзден 

Әлиев AZAL ұшағының апатына Ресейді айыптап, жауаптыларды жазалауға шақырды. 

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев желтоқсанның 25-і күні Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан және Қазақстанның Ақтау әуежайына шұғыл қонған кезде апатқа ұшыраған Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағына қатысты бірнеше жаңа қатаң мәлімдеме жасады.

Әлиев апатқа тағы да ресейлік шенеуніктерді кінәлады.

"Әзірбайжан азаматтарының осы апаттан қаза табуына Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сеніммен айта аламын", –  деді Әзірбайжан президенті.

Бакуден Грозныйға ұшқан Embraer E190 ұшағы не себепті Ақтауға жіберілгені белгісіз екенін айтады Әлиев.

"Ұшақтың электронды соғыстың бақылаусыз қалғаны анық. Жерден ашылған атыс салдарынан ұшақтың зақымданғаны белгілі. Бірақ неліктен ұшақ Ақтауға жіберілді? Бұл туралы бізде әлі ақпарат жоқ. Бұл жергілікті авиадиспетчерлердің шешіміне байланысты болды ма, әлде ұшқыштар Ресей әуе кеңістігіндегі электронды соғыс жүйелері бұдан былай қонуға мүмкіндік бермейтінін түсінді ме және бұл таңдауды өздері жасады ма белгісіз”, – деді Әлиев.

Әлиевтің пікірінше, егер Ресей мұндай жағдайда қажетті шаралардың бәрін жасаған болса, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.

"Егер Грозный облысындағы Ресей әуе кеңістігін жабу шаралары дер кезінде қабылданса, жерүсті қызметінің барлық ережелері сақталса, сондай-ақ Ресей Федерациясының Қарулы Күштері мен азаматтық қызметтер арасындағы үйлестіру болса, бұл қайғылы оқиға болмас еді", – деді Әзірбайжан президенті.

Ливанда жаңа президент сайланды

Фото: АР

9 қаңтарда Ливан парламенті көпшілік дауыспен Джозеф Аунды ел президенті етіп сайлады. 128 парламентарийдің 99-ы Джозеф Аунның кандидатурасына дауыс берді. Дауыс беруден кейін Ливанның сайланған президенті Джозеф Аун парламентшілер алдында ант берді.

Хезболла қозғалысы да оның кандидатурасын қолдады.

Аунның кандидатурасын тіпті "Марада" христиандық орталық-оңшыл партиясының жетекшісі, тәжірибелі саясаткер және Ливанның бұрынғы ішкі істер министрі Сүлейман Франгие де қолдады.

Президент ретінде парламенттегі алғашқы сөзінде Аун мемлекеттің қару ұстауға айрықша құқығын қамтамасыз етуіне басымдық беретінін айтты. Сарапшылардың сөзінше бұл Хезболланың әскери арсеналына жасалған сілтеме болуы ықтимал.

Ливанның саяси орталарындағы дереккөздердің хабарлауынша, дауыс беру қарсаңында Батыс пен бірқатар араб елдерінің өкілдері Джозеф Аунның сайлануына ықпал ету мақсатында Ливан билігімен байланыстарын күшейткен.

Франция мен Сауд Арабиясының елшілері сәрсенбі күні таңертең Ливанның бір топ саясаткерімен кездескені хабарланды.

Сарапшылар қазіргі сайлаудың Эр-Рияд үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сауд Арабиясы бір кездері Ливандағы ықпалы үшін Иранмен бәсекелес болған және қазір жоғалтқан уақыттың орнын толтыруға ниетті сияқты.

Сондай-ақ Аунның кандидатурасы АҚШ-тың қолдауына ие екені хабарланды.

Израиль сыртқы істер министрі Гидеон Саар Ливан армиясының қолбасшысы Джозеф Аунның Ливан президенті болып сайлануын құптады.

"Бұл таңдау тұрақтылыққа жетелеп, Ливан мен оның халқының жарқын болашағын қамтамассыз етіп, қарым-қатынасқа ықпал етеді деп үміттенемін", - деп жазды Саар.

Джозеф Аун кім?

Фото: Ливан парламентінің баспасөз қызметі

Ливан президенті Джозеф Аун 1964 жылы 10 қаңтарда Бейруттың шығысындағы Син эль-Фил қаласында дүниеге келген.

Ол Ливан Америка университетінде саясаттану және халықаралық қатынастар бойынша бакалавр дәрежесін алған. 1988 және 1995 жылдары АҚШ-та әскери дайындықтан өтіп, 2008-2009 жылдары АҚШ-тағы халықаралық терроризмге қарсы бағдарламаға қатысқан. Сонымен қатар, Сирияда қосымша дайындықтан өткен. Ағылшын және француз тілдерінде сөйлейді.
1983 жылы әскер қатарына шақырылып, кезең-кезеңімен жоғарылады. 2013 жылы оған бригадир генералы атағы берілді.

2017 жылдың наурыз айында Джозеф Аун Ливан қарулы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. Қолбасшы ретінде Аун қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін модернизациялауға және жақсартуға үлкен үлес қосты. Оның басшылығымен Ливан армиясы экстремистік топтарға қарсы күреске белсене қатысып, шекарадағы жағдайды тұрақтандырып, ішкі тәртіпті сақтау жұмыстарын жүргізді.

Джозеф Аунның жетекшілігімен Ливанның шығысында Сириямен шекарада лаңкестік "Ислам мемлекеті" ұйымын ығыстыру операциясы жүргізілді.

2023 жылдың қазан айында басталған Израиль мен Хезболла арасындағы шайқас кезінде Ливан қарулы күштері бейтарап позицияны ұстанды.

Джозеф Аун 2024 жылдың қарашасында Вашингтон мен Париж делдалдықпен Ливандағы 60 күндік атысты тоқтатуда маңызды рөл атқарды.

Талқылау