Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Александр Стубб Финляндиядағы президент сайлауында жеңіске жетті

Финляндияның бұрынғы консервативті премьер-министрі Александр Стубб жеті жылдық үзілістен кейін президенттік сайлаудың екінші турында жеңіске жетті. Ол өзінің қарсыласы бұрынғы сыртқы істер министрі Пекка Хаавистоны басып озып, саясатқа қайта оралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Стубб

Фото: euronews

Бюллетеньдер 100% саналғаннан кейін Стубб 51,7%, Хаависто 48,3% дауыс жинағаны анықталды. Yle хабар таратушысының болжамы бойынша, Стубб 51,4% дауыс жинайды деп болжанған.

"Ал, Александр. Финляндияның 13-президентін құттықтаймын", - деді Хаависто тікелей эфирде.

AFP атап өтуінше, Украинадағы соғысқа байланысты Еуропадағы геосаяси ландшафтың өзгеруі премьер-министрмен салыстырғанда шектеулі өкілеттіктері бар, елдің сыртқы саясатын анықтауда үкіметпен бірге жұмыс істейтін және жоғарғы қолбасшы ретінде әрекет ететін жаңа мемлекет басшысы үшін үлкен сынақ болмақ.

Стубб қызметіне ресми түрде 1 наурызда кіріседі.

Сайлауға түсу туралы шешім Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін елде қалыптасқан жағдайға байланысты болды дейді Стуббтың өзі.

“Соғыс басталғанға дейін мұндай ойым (сайлауға түсу – ред.) болмады деп шын жүректен айта аламын. Отаныңа көмек керек екенін түсінген кезде ойланбай барасың”, – деген ол тамызда.

Сайлауда жеңіске жеткеннен кейін Стубб президент болу "өміріндегі ең үлкен мәртебе" екенін жеткізген.



“Финляндия жаңа дәуірдің табалдырығында тұр, өйткені халықаралық ережелер көптеген тараптардан дау туғызып жатыр. Сонымен қатар Финляндия – НАТО-ның жаңа мүшесі. Мен Финляндия алдағы бірнеше жылда әлемдегі ең үздік ел болып қалатынына сенімдімін”, – деді Александр Стубб.

Ұзақ уақыт бойы НАТО-ға мүше болуды жақтап келді

55 жастағы Кай-Йоран Александр Стубб 2014–2015 жылдары Финляндияның премьер-министрі болды, ол Ұлттық коалицияны басқарған. Ол әлі күнге дейін үкімет коалициясындағы негізгі партия болатын либералдық-консервативтік партия. Стубб 2016 жылы партиялық көшбасшылық сайлауда қазіргі премьер-министр Петтери Орподан жеңіліп қалған.

Стубб Ресей Украинаға шабуыл жасамас бұрын Финляндияның НАТО-ға қосылуын жақтаған. Сонымен қатар жаңа президент Еуроодақ пен еуропалық интеграцияны тереңдетуді табанды түрде жақтаушы.

Стубб иммиграцияға қатаң шектеулердің қарсыласы: ол иммигранттар ағыны қоғам мен экономикаға пайдалы әсер етеді деп санайды.

Премьер-министр қызметінен кеткеннен кейін Стубб қаржы министрі болды, ал премьер-министр болғанға дейін сыртқы істер министрі және Еуропа істері министрі қызметтерін атқарды, сонымен қатар Еуропарламент пен Финляндия парламентінің депутаты болды.

Стуббтың әкесі финляндиялық швед, анасы фин және ол Финляндияның екі ресми тілін де, ағылшын, француз және неміс тілдерін де жақсы біледі.

Бұған дейін Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің америкалық журналиске берген сұхбаты жарияланған.

Талқылау