Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ең көп таралған алаяқтық әдіс-тәсілдер: Бұдан қалай сақтануға болады

Әлеуметтік желі мен интернет арқылы сауда-саттық өркендеп тұрған уақытта алаяқтардың да айла-шарғысы ерекше дами түсетіні анық. Олар адамдардың жеке ақпараттары мен қаржысына қол сұғу мақсатында жаңа тәсілдер мен платформаларды табудан тайынбайды. 2022 жылдың өзінде жасалған алаяқтық істердің жартысына жуығы, яғни 47%-ы интернет-алаяқтыққа қатысты болыпты. Бүгін Банк ЦентрКредитпен бірге алаяқтықтың қандай түрлері кең таралған және бұдан қалай сақтануға болатынын айтамыз. 

Алаяқтардың жұмыс жүйесі қандай?

Қаржылық алаяқтықтың құрбандары көбіне бір қарағанда еш зияны жоқ болып көрінетін жарнамаларға немесе жарияланымдарға алданып қалады, кейде күдікті әрекет жасауға шақыратын хаттар алады.

Әккі алаяқтар адамдардың әлсіз тұстарына басымдық береді және кәсіби түрде ақшаны жымқырады. Банк ЦентрКредит клиенттері тап болған ең жиі кездесетін алаяқтық түрлерін талдап берді. Олардың ішінде: телефон арқылы қоңырау шалу, AnyDesk қосымшасы арқылы қашықтан қосылу, фишинг, акция мен жеңілдіктер арқылы алдау, маркетплейстерді қолдану бар.

Банктен телефон арқылы қоңырау шалу

Ең көп таралған алаяқтық түрі – қоңырау шалып, банк қызметкері деп танысу арқылы алдау. Олар сіздің шотыңызда “түсініксіз операция” болғанын хабарлап, куәлік нөміріңізді, ЖСН мен банк шотыңыздың нөмірін сұрап, тексеру жүргізетіндерін айтады. Құпия кодты өзгертіп, банктен SMS-хабарлама жіберуді ұсынады. Осы ақпаратты алғаннан кейін олар сіздің шотыңыздағы ақшаны аударып немесе атыңыздан несие алады.

AnyDesk қосымшасы арқылы қашықтан қосылу

Мұнда сіздің шотыңыздан белгісіз адамдар ақша ұрлап жатыр деп хабарласады. Ақшаңызды тез арада "басқа шотқа", "сақтандыру компаниясына" немесе "сақтандыру шотына" жіберуге кеңес береді. Сіз өз сақтандыру компанияңызды білмейтініңізді ұғына отырып, жалған шот нөмірлерін айтып, сол жаққа ақша жіберуіңіз үшін барлық айла-тәсілді қолданады.

Тура қазір сіздің жеке кабинетіңізге біреу кірмекші болып жатыр деп хабарласады. Банк шотыңыз туралы ақпаратты қорғау үшін мобильді қосымша орнатып алуға кеңес береді. Бірақ бұл қосымша сіздің телефоныңызда барлық ақпаратты алаяқтардың қолына тапсырады. Осылайша, олар әмияныңызға ғана емес, жеке өміріңізге қол сұғып, зиянын тигізеді.

Фишинг: жеке және картаға қатысты ақпаратты ұрлау

Алаяқтықтың тағы бір түрі – мессенджерлер мен поштаға келетін хаттар. Онда көбіне қосымша сыйлық алу, қайырымдылық шараларға қатысу немесе белгілі бір қызметтерге жеңілдіктер алу деген ұсыныстар болады. Сіз сілтемеге кіргеннен кейін жеке мәліметтерді толтыруыңызды сұрайды. Осылайша, олар тағы да сіздің қоржыныңызға қол салады. Бұл сілтемелерде қосымша вирустар болуы мүмкін, олар сіздің мобильді телефоныңызға зиян келтіріп, оны толықтай алаяқтардың басқаруына мүмкіндік береді.

Акция мен жеңілдіктер арқылы алдау

Мессенджерлерден сіз жақсы танитын белгілі брендтің, компанияның мерейтойы немесе өзге де жақсы жаңалықтарына байланысты жеңілдік пен акция болып жатыр деген хат келеді. Бұл сіз жақсы танитын адамнан келген хат болуы да мүмкін. Онда белгіленген сілтемеге кірсеңіз, жеке ақпарат толтыруыңызды сұрайды, әрі қарай дәстүрлі жүйе бойынша алаяқтар арбап алады.

Маркетплейстерді қолданатын алаяқтар

Егер сіз тауар сататын болсаңыз, сізге көбіне “бизнес-аккаунт” деген белгісі бар адам мессенджерде хат жазады. Сіз сатуға бекінген затты алатынын, оны алып кету үшін курьер жіберетінін және төлемді алдын ала жасауға дайын екенін айтады. Сосын сізге курьердің қайда келгенін бақылап отырарсыз деп немесе ақша аудару үшін деп беймәлім сайтқа сілтеме жібереді. Онда анкета толтырып, банк картасының нөмірі мен СVV кодты жазуыңызды сұрайды. Бұл ақша аудару үшін керек ақпарат екенін айтып, сіз анкетаны толтырғаннан кейін шотыңыздан ақша аударып ала алады.

Банк ЦентрКредит өкілдері алаяқтардың сізге хабарласқан нөмірі мен жазған электронды поштасы сіз тіркелген банктің нөмірімен поштасына қатты ұқсас болатынын айтады. 

Алаяқтармен банк қызметкерлерін қалай ажыратамыз?

Банк қызметкері ешқашан қосымша сұрақтар қоймайды. Олар сізден белгілі бір банк операциясын өзіңіз жасап отырсыз ба деп сұрайды. Бұдан өзге сұрақ болмайды. Ал алаяқтарды мына жайттар арқылы анықтауға болады:

  • ақшаңызды біреу ұрлап алғалы жатыр деп қорқытады;
  • SMS-хабарлама алуға, құпия кодты өзгертуге кеңес береді;
  • ақшаңызды сіз бұрын естімеген шотқа аударуға немесе несие алуға үгіттейді;
  • "банкке кері хабарласудың қажеті жоқ" деп айтады;
  • банктен хабарласып жатқан жағдайда "барлық операцияларды өзім жасап отырмын" деп айтуды сұрайды;
  • бірнеше нөмірден қайта хабарласып, жеке ақпаратты қайта-қайта сұрайды.

Алаяқтарға алданған немесе алданып қалудан қорқатын жандарға Банк ЦентрКредит ұсынған кеңестермен бөлісе кетейік.

Егер сізге алаяқтар хабарласып жатса, олармен қалай сөйлесу керек?

Ең жақсы әдіс – артық сұрақ қойыла бастағанда олармен сөйлесуден бас тарту. Егер көңіліңізде күмән болса, банкке хабарласып, оқиғаны хабарлау. Шотыңыздан жасалған операцияларды мұқият бақылап отыру.

Еске сақтайтын жайт, ешкімге өзіңізге не банк шотыңызға қатысты ақпаратты бермеу. Сізден мұндай ақпаратты тек алаяқтар ғана сұрайтынын айтып өттік.

Сондай-ақ, мамандар өзіңіз білмейтін, күмән туғызған мобильді қосымшаларды орнатпауға кеңес береді. Бейтаныс электронды пошталардан келген сілтемелерден, интернетте анкета толтыру кезінде абай болу қажет.

Егер сіздің жеке ақпаратыңызға алаяқтардың қолы жетсе, не істейміз?

Бірінші кезекте, барлық банктегі шоттарыңызды бұғаттау керек. Мұны банк қызметкеріне немесе басқа адамға сеніп тапсырмай, өзіңіз бұғаттауыңыз маңызды.

Екіншіден, құқық қорғау органдарына хабарласып, арыз тастау.

Үшіншіден, бұл сізге сабақ болуы керек. Жақын адамдарыңызға да осы ақпаратты таратып олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұмытпаңыз. Қаржылық сауаттылығыңызды күн сайын арттырып, алаяқтардың жаңа жұмыс жүйесін бақылап отыру үшін Қазақстан Ұлттық банкі жанынан құрылған Қаржы нарығын зерттеу және дамыту агенттігі ұсынған ақпарат көзін бақылап отырсаңыз болады.

Талқылау