Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында митингке шыққан ұстаздар жалақылары қысқарғанын айтып, президентке үндеу жолдады

Жаңа қаладағы мұғалімдердің митингке шыққан видеосы әлеуметтік желіде тарады. Олар президенттен жалақыларын белгісіз себептермен қысқартып тастағанына назар аударуын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Письма президенту

Жарияланған ақпаратта мұғалімдердің жалақысы айтарлықтай қысқарғаны айтылған.

Алатау қаласының білім бөлімі 1 қазанда жергілікті мемлекеттік органдар өкілдері №1 және №47 мектептерінің ұстаздар ұжымдарымен кездескенін хабарлады. Мұғалімдер жалақының әкімшілік-аумақтық құрылымның өзгеруіне байланысты қысқаруына алаңдаушылық білдірді.

Хабарламада 2024 жылдың 9 қаңтарынан бастап Алатау қаласына Қонаев қаласы, Іле және Талғар аудандарының бұрынғы құрамына кірген бірқатар елді мекендер қосылғаны айтылған. Осыған орай қолданыстағы заңнамаға сәйкес, осы аумақтарда тұратын бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесінде өзгерістер болғаны атап өтілді.

"Туындаған мәселелерді жан-жақты қарастыру мақсатында кездесуге Алатау қаласы әкімінің орынбасары, қалалық білім бөлімінің басшысы, сондай-ақ облыстық білім және ішкі саясат басқармаларының өкілдері шақырылды. Конструктивті диалог барысында еңбекақы мәселелері ғана емес, тұрғындар үшін өмірлік маңызды тақырыптар: көлікпен қамтамасыз ету, қоқыс шығару, газдандыру мәселелері де талқыланды", – делінген хабарламада.

Білім бөлімі кездесудің нәтижесінде мұғалімдер ұжымдарымен өзара түсіністікке қол жеткізілгенін мәлімдеді.



Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында бұрын ауыл болып кейін қала санаты берілген Алатауда мұғалімдер үстемақыдан қағылып қалуы мүмкін екенін жаздық. Ұстаздардың сөзінше, енді олардың жалақыларына 25% үстемақы қосылмайды. Мұндай жаңалықты естіген кей жас мамандар жұмыс орнын ауыстырып жатыр. №35 орта мектептің мұғалімі Дариға Айманбетова бұл өзгерістен кейін айлық аз алатынын айтты.

 

Талқылау