Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Alatau City "ақылды қаланың" үлгісі": Президент шаһардың халықаралық іскерлік хабқа айналу керектігін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Алматыдағы ғалымдармен кездесуде елдімекендердегі тұрмыс сапасын жақсарту үшін озық технологияларды көбірек пайдалану қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: primerminister.kz

"Біздің қалаларымыз, тіпті ауылдарымыз да смарт стандартына сай болуы керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер басымдық беруге тиіс бағыттардың бірі. Бірақ осы жұмыспен облыс басшыларының ешқайсысы білек сыбанып айналыспайды. Сондықтан нәтиже жоқ. Алматы облысында салынып жатқан Alatau City "ақылды қаланың" жарқын үлгісіне айналуы қажет. Бұл қала сингапурлық Surbana Jurong консалтингтік компаниясының қатысуымен салынып жатыр. Шаһар өмір сүруге, бизнес жүргізуге ыңғайлы әрі жетекші халықаралық іскерлік хабқа айналуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек ел президенті аталған жоба Қазақстанның экономикалық дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

"Отандық ғылымның тағы бір маңызды міндеті – табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды болжау әрі оның алдын алу. Кейінгі жылдары еліміз су тасқыны, сейсмикалық қауіп, энергетикалық ақау, құрғақшылық және эпидемия сияқты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келді", – деді мемлекет басшысы.



Президенттің сөзінше, жуырда болған алапат тасқын салдарынан ондаған мың отбасы зардап шекті. 

"Көптеген адам дүние-мүлкінен айырылды. Экономикаға орасан зор зиян келді. Апат салдарын жоюға төтенше жағдайлар министрлігінің барлық күш-құралдары жұмылдырылды және басқа да күштік құрылымдардың жеке құрамы қатысты. Су тасқыны кезінде 120 мыңға жуық адам, оның ішінде 45 мың бала құтқарылып, эвакуацияланды. Батылдық пен қызметтік міндеттеріне адалдықтың нағыз үлгісін көрсеткен төтенше жағдайлар және құтқару қызметінің барлық қызметкеріне алғыс айтқым келеді", – деді Қазақстан президенті.

Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Алматы облысындағы Жетіген ауылын облыстық маңызы бар қала санатына енгізілгенін жаздық. 

Талқылау