Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысының әкімі Сингапур стиліндегі жаңа қаланың қалай салынатынын айтты

Алматы облысында еліміздің ғана емес, шетелдерден де инвестиция тартуға тиіс жаңа Алатау қаласының құрылғанына көп бола қойған жоқ. Осыған орай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа қаланың қарапайым қазақстандықтар өміріне қалай әсер ететіні жөнінде сұхбат берді.

Фото: chance4traveller.com

Өңір басшысының айтуынша, Алматы агломерациясында халық саны күннен күнге көбейіп келеді. Әйтсе де, бүгінгі күнге дейін Алматы мен Алматы агломерациясының маңайында жаңа елді мекендер құрылған емес. 

"200 мың адам саяжай алаптарында тұрады. Саяжай осы адамдардың тұрақты мекеніне айналған. Жаңа инфрақұрылымы бар жаңа қала құрылса әлбетте, халықтың өмір сүру жағдайы әлдеқайда жақсарады. Алматы облысы – аграрлық өңір, мұнда халықтың 84 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Жаңа қала салынса экономика әртараптанады. Алатау қаласы инфрақұрылым, миграцияға қатысты бірталай мәселені шешіп, жастарды тартатын орталыққа айналады деп сенеміз", – деді әкім. 

Марат Сұлтанғазиев былтыр пайдалануға берілген ҮАААЖ мен Алматы облысының көлік дәлізінде орналасуы өнеркәсіптің дамуына үлкен мүмкіндік тудыратынына сенімді.

"Алатау қаласы аумағында өз артықшылықтары мен жеңілдіктері қарастырылған арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құрылғандықтан қаланың мүмкіншіліктері көп.  Сол себепті біз қазір Сингапурдеміз, кеше олардың индустриялық аймақтарының басқарушы компаниялары өкілдерімен кездестік. Бүгін Қытайдағы ірі компания - Шэньчжень АЭА-ның басқарушы компаниясымен кездесу өткіздік. Олардың басқару әдістері мен механизмдерін әрі қарай зерттеп, ынтымақтастық орнатамыз", –  деді Сұлтанғазиев.

Әкімнің сөзінше, Қазақстанның Сингапурды Алатау қаласын салуда үлгі ретінде таңдауына бұл елдің әлемде қалалар мен арнайы экономикалық аймақтар құрудағы тәжірибесі себеп болған. Бұл өз кезегінде "шетел инвесторларының елімізге деген сенімін арттырады".

"Сингапурмен жобаны құруға қатысқан Surbana Jurong компаниясы арқылы бұрыннан тікелей өзара ықпалдастық орнатқанбыз. Сингапурлық компаниялар Қытай, Үндістан, Малайзияда қалалар мен арнайы экономикалық аймақтар құруға қатысқан. Тәжірибелі болғандықтан олармен кеңесеміз. Әлемдік ірі 500 трансұлттық компанияның олардың компанияларына деген сенімі өте жоғары. Сондықтан олардан кеңес алып, жоспарымызды бірге құрсақ, онда басқа елдер инвесторларының сенімі де жоғары болады", – деді облыс әкімі.

2022 жылдың қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған жұмыс сапарында жаңа қаланы дамытудың бас жоспары концепциясын бекіту жөнінде тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысы халықты қолжетімді тұрғынүймен қамту қажетін атап өтіп, жобаны әлеуметтік бағытта құруға көбірек назар аударуға шақырған. Алатау қаласы биыл құрылып, оның әкімі болып Әркен Өтенов тағайындалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурге мемлекеттік сапармен барды. Сапар аясында Сингапурдың жоғары деңгейлі басшыларымен, халықаралық ірі компаниялардың басшыларымен кездесіп, қазақстан-сингапур бизнес форумына қатысады деп жоспарланған.

Талқылау