Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеліктер жарты жылда жарық үш рет қымбаттағанын айтып наразылыққа шықты

Ақтөбеліктер электр бағасының қымбаттауына қарсы шықты. Айналдырған жарты жылда жарық тарифі осымен үшінші рет көтеріліп отыр. Облыс әкімдігіне наразылығын айта келгендер қоғамдық тыңдау ұйымдастырмады, тұрғындардың пікірін ешкім тыңдаған жоқ деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pexels-photo

Қала тұрғыны Ақгүл Аймағанбетова баға бір жылда осымен үшінші рет көтерілгенін айтты.

"Мұны тексеретін монополист бар ма? Неге бұлай болып жатқанын түсінбедік. Ай сайын жарыққа 15-20 мың теңге төлеу бізге қиын. Көпбалалы аналар бар. Біреулер от жағады. Қатты қиналып кеттік", – деді Ақгүл Аймағанбетова.

Аманқос Құловтың айтуынша, бағаны көтеру қоғамдық кеңес алдында талқыланбаған.

"Аяқасты көтеріп отыр. Қоғамдық кеңес алдында талқыланған жоқ. Депутат пен халық арасында еш келісімшарт болған жоқ, яғни халықтың пікіріне қарамай, халықты тыңдамай, тарифті көтеріп отыр", – деді Аманқос Құлов.

Қымбатшылыққа қарсы шыққан ақтөбеліктер таң атысымен облыс әкімдігінің алдына жиналды. Тарифке қатысты мәселе көтерілгенде шенеуніктер жұмыс тобын құрып, тұрғындармен талқылаймыз деп уәде еткен. Бірақ онысы құр сөз болып шықты. 



Энергетика басқармасындағылар комиссия да, ешбір топ та құрылмады деп ашық айтты. Ал жарықтың жаңа тарифін үнсіз он күн бұрын бекітіп жіберген. Енді тұрғындар наурыздан бастап электр энергиясына бұрынғыдан 23% артық төлейді. Саяжайда тұратындар мен кәсіп иелеріне одан да қымбат түспек. 

Бұған дейін тарифке қатысты қоғамдық тыңдауға қатысқандар жаппай қарсы тұрып, залдан бәрі шығып кеткен еді. Бірақ оған қарамастан халық құптады деген шешім қабылданыпты. Өңірдегі электр энергиясына жауапты мекеме басшылары мұнымен тоқтамай, жарықтың бағасын алда тағы қымбаттатамыз деп отыр.

"Ақтөбеэнергоснаб" ЖШС директорының міндетін атқарушысы Рүстем Арыстанов тарифті онсыз да төмен бағада беріп жатқанын айтады.

"Бірыңғай электр энергиясын жеткізуші мекеме бағаны көтергеніне байланысты: біз көтеруге ұсыныс бердік. 38% сұрадық, 23% ғана көтерді. Қазір ол көтерілген бағаның өзі компанияны шығынға батырып отыр. Болашақта да солай бола берсе, тұрғындарға салмақ түсуі мүмкін", – деп жауап берді Ақтөбеэнергоснаб басшысы.

Еске салайық, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2024 жылы 5 наурыз күні үкіметтегі брифингте коммуналдық төлемдерге айына 100 мың теңге шығаратынын айтты.

Талқылау