Ақтөбеліктер лаңкестердің қолынан қаза тапқандарды ақтық сапарға шығарып салды
Ақтөбеде «Паллада» қару-жарақ дүкенінде қаза тапқан Андрей Максименко, Николай Онищенкомен қоштасу рәсімі өтті. Дүкеннің алдына марқұмдардың туған-туыстары мен жүздеген ақтөбелік жиналды. Андрей Максименко тірі болғанда бүгін 44 жасқа толар еді.
Бұл туралы Bnews.kz хабарлайды.
Белгісіз адамдар қару-жарақ дүкеніне кіріп, оқ-дәрі мен қаруды талап еткен шақта сатушы Андрей Максименко дабыл түймесін басып үлгерген. Кейін сатушының күзет шақырғанын біліп қалған қарулы топ оған бірнеше мәрте пышақ сұғып алады. Қару-жарақ дүкеніне 6 жыл бұрын жұмысқа орналасқан А.Максименко сол жерде мерт болды. Бүгін оның әріптестері мен отбасы, туған-туыстары «Паллада» дүкеніне жиналып, марқұмды еске алды. Ақтық сапарға шығарып салу рәсімі дәл осы жерде өтті.
Сонымен қатар, 69 жастағы Николай Онищенконың да денесі бүгін жерленді. Ол «Паллада» дүкені орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің жоғарғы жағында тұрған болатын. Зейнеткердің бір ұлы, немересі бар. Ширек ғасыр бойы дос болған Денис Фишер оның өте қарапайым, адал, еңбекқор адам екенін айтып, еске алды.
«Николай өте жақсы адам еді. Бірге өсіп, өмірдің қиындығы мен қызығын бір кешкен досымды қимай, қайғырып отырмын. Мұндай оқиға алдағы уақытта қайталанбауы қажет. Еліміз тыныш болсын»,- деді ол.
Марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов, қала әкімі Бекбол Сағын қатысты. Қала әкімі қаза болған бейбіт тұрғындардың отбасыға көңіл айтып, аза гүлін қойды.