Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік келіншек қос ұлы сал болып туған соң, отбасын тастап кеткен

Бір айналдырса, шыр айналдырады! Айналасы бірнеше жылдың ішінде Оспановтар жанұясының көрмегені жоқ. Дәрігерлер көптен күткен тұңғыштарына «Микроцефалия» диагнозын қойған. Араға бір жыл салып дүниеге келген екінші ұлдың “ДЦП” дертімен туғаны анықталған. Мұндай ауыртпашылықты көтере алмаған ана балаларын жетімдер үйіне өткізгісі келетінін айтқан.

Алайда отағасы Асылбек онымен келіспеген. Біраз уақыттан соң ерлі-зайыптылар ажырасып тынған. Балалардың бірі ақыры жетімдер үйіне өткізілсе, екіншісі әкесімен бірге қалған.

Бұл туралы BNews.kz-ке сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

“Әйелім балаларды тәрбиелегісі келмеді, интернатқа өткізейік деп қоймады, бірақ мен қарсы шықтым. Ол ажырасқан жағдайда сот балаларды анасымен қалдырады деп ойлаған, кейін қос ұлымызды жетімдер үйіне өткізбекші болған. Алайда кіші ұлымды өзіме алып қалдым. Тұңғышымызды сот әйеліме берді, ал ол баланы жетімдер үйіне өткізе салды”, – дейді Асылбек Оспанов.

Қазіргі таңда Асылбек Оспанов кіші ұлын жалғыз бағып отыр. Арасында уақыт тауып, үлкеніне де барып тұрады екен. Бірнеше жылдан бері балаларының паталогиясымен күресіп келе жатқан әке оларды аяққа тұрғызсам деп армандайды.

Бар уақытын баласымен өткізгендіктен, Асылбектің тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндігі жоқ. Бүгінде Оспановтар мүмкіндігі шектеулі балаға берілетін жәрдемақыға күн көріп отыр. Жалғызбасты әкенің айтуынша, ол қаржы күнкөріске әрең жетеді. Асылбек қазір ұлымен бірге жатақханада тұрып жатыр, ал онда мүгедек-баланың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалмаған.

“Өз үйім жоқ. Ал мүгедек баламен пәтерге кіргізе бермейді. Оның үстіне, біздің қалада пәтерақысы тым қымбат. Ал мемлекеттік баспанаға кезекке тек былтыр тұрдым, себебі тіркелетін жер таба алмай жүрдім”, – деп түсіндірді Асылбек.

Ұлын емдету үшін Асылбек облыстағы барлық емханаларға барып шыққан. Бүгінде ол баланың емімен өзі айналысады, ұлына массаж бен жаттығулар жасайды. Асылбектің айтуынша, массаж мен инетерапия курсы 40 мың теңге тұрады. Ал жалғызбасты әкенің мұндай қаражаты жоқ.

Оспановтардың жағдайы туралы әкімдік жақсы біледі. Шенеуніктер Асылбек пен оның ұлына заң бойынша көмек көрсетіп жатырмыз дейді. Ақтөбе әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Наяйли Бөртібаеваның айтуынша, жергілікті билік Асылбекке қосымша көмек көрсету жолдарын қарастырып жатыр.

“Оған балаға қажетті заттар беріледі, жаялық, арба, квота бойынша Астанада емделді. Оңалту бағдарламасы бойынша қарастырылған нәрсенің барлығын қолданды. Енді қосымша медициналық көмек көрсету жайын қарастырып жатырмыз”, – деп түсіндірді ол.

Қиыншылықтарға қарамастан, Асылбек Оспанов күндердің күнінде ұлының аяққа тұратынына сенеді. Жалғызбасты әке ұлын Мәскеу дәрігерлеріне көрсеткісі келеді. Айтуынша, ондағы мамандар осындай дертке душар болған балаларды емдеген.

Жіберіп алмаңыз:

Оңтүстіктегі мұнай ұрлығына лауазымды шенеуніктердің қатысы болуы мүмкін

Атыраудағы қалыңдық өлімі: Оқиғаның қалай болғаны туралы күйежігіттің нұсқасы

700-ден астам өзге ұлт өкілі Қазақстан азаматтығын алмақ

Қостанайда 7 ұстаздың алаяқтық жолмен диплом сатып алғаны анықталды

Талқылау