Ақтөбеде аутизмі бар бала жоғалып кетті: Оны іздеуге 500 адам жұмылдырылды
Ақтөбеде жоғалып кеткен ерекше баланы 500 адам іздеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
13 жастағы Кәрім Жетірудың жоғалып кетуіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бала аутизммен ауырады екен.
"Баланы іздеуге 500-ге жуық адам жұмылдырылған, оның ішінде полиция, төтенше жағдайлар қызметі, қызметтік иттер мен 40 техника бар. Оған үш квадроцикл, екі қайық, бірнеше жылқы тартылып, ұшқышсыз ұшақтар қолданылды", – дейді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жүргізіліп жатқан іс-шара барысында үйлердің шатырлары мен аулалары, кәріз люктері, шұңқырлар тексеріліп жатыр. Дала, оның ішінде орманды алқаптарды да қарап жатыр.
"Сонымен қатар қоғамдық тамақтандыру орындары, дүкендер мен сауда орталықтары бақылауға алынып, кәмелетке толмаған баланың жоғалып кеткені туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды", – деп хабарлады облыстық полиция.
Аутизм дертіне шалдыққан бала 4 маусым күні ата-әжесінің үйінен шығып кетіп, жоғалып кеткен. Туыстары мессенджерлерде баланың ауладан ішкиім мен жейдемен шыққан видеосын жариялады. Бұл сәт көшедегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған.