Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түрмеде отырған ақтөбелік ер адам кәсіпкерді 700 мың теңгеге алдап кеткен

2022 жылы Ақтөбе қаласының 24 жастағы тұрғыны Нұрсұлтан алаяқтық жасағаны үшін 6,5 жылға бас бостандығынан айырылып, Чекалина көшесіндегі №8 түзету мекемесінде жазасын өтеген. Сотталушының тағы да алаяқтық жасауына түрме де, күзет те, ұялы телефонға салынған тыйым да кедергі бола алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Диапазон” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Сотталушының интернетке қосылған ұялы телефоны болған. Ол мемлекеттік сатып алулар сайтына кіріп, оны зерттеп, тендер жеңімпазына 700 мың теңгеге электр шамдарының партиясын ұсынған. Алаяқ кәсіпкер әйелге тендерге өзінің де қатысқанын, алайда жеңіліп қалғанын айтып, жалған сөйлеген. Сондай-ақ өзінде қолжетімді бағаға жақсы тауарлар барын айтқан. Әйел одан электр шамдарын алуға келісіп, көрсетілген жеке кәсіптің деректемесіне 700 мың теңге аударған. Бұған дейін алаяқ өзіне сәйкес келетін жеке кәсіпті тауып, оның иесінен есепшоты мен комиссиялық төлемін пайдалана тұруын сұраған.

Сотталушымен сөйлесіп отырғанын білмеген ол оның өтінішін орындауға келіскен. 700 мың теңге 10% комиссияны қоспағанда, жеке кәсіпкердің шотынан Нұрсұлтанның танысының шотына, одан кейін букмекерлік кеңседегі шотына көшірілген. Алаяқтық үшін сотталған ер адамның құмар ойынға тәуелді екені белгілі болды.

Сот ақтөбелікті алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, бұрынғы қылмысы үшін өтелмеген мерзімін ескере отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Талқылау