Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде оқушы арыққа құлап жазым бола жаздады: Әкім жауапкершілікті өзіне алды

Ақтөбеде оқушы арыққа құлап жазым бола жаздады. Оны сол маңдағы куәгерлер құтқарып қалды. Желіні шулатқан оқиғаға қатысты қала әкімі түсінік берді. Ол 15 жастағы қыздың жауапкершілігін өз мойныма аламын деді. Бұл туралы  Stan.kz ақпарат агенттігі ”Астана” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Судың көп және екпінді болғаны соншалық, оқушы қыз аяғының астындағы арықты байқамай қалған. Арықтың жан-жағы ештеңемен қоршалмаған.

Суға құлап, тұра алмай жатқан қызды, абырой болғанда сол маңдағы үйлердің бірінің күзетшісі мен фитнес-орталық қызметкерлері байқап қалған. Бірден көмекке жүгіргендер оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.

“Қыз бала жаяу жүргіншілер жолағынан өтті, бері қалай келді, өте алмай тұрып қалды. Мына жерде су ағып жатыр. Судан өте алмай, келді, кетті, қайта келді, есептей алмай, артқа құлады”, – деді тұрғын үй кешенінің күзетшісі Ерболат Көлжігітов.

“Арықтағы су қыз баланы лезде төменге, құбыр ішіне тарта бастады. Біз жүгіріп барып, 7 адам болып оны арықтан шығарып алмақшы болдық. Киімі арматураға ілініп қалған. Әрең алып шықтық.  Дер кезінде жүгірмегенде құтқара алмас едік”, – деді фитнес-орталықтың жаттықтырушысы Евгений Зелевский.

Баланың ата-анасы бұл кісілерге алғысын білдірген. Алайда жеткіншектің көңіліне қарап, журналистермен тілдесуден бас тартты. Дәрігерлер оқушының денсаулығын сол жерде тексеріп, кейін үйіне жеткізіп салған.  

Еріген қардың суы Ақтөбенің Батыс-2 ауданына кеше түске таман, күн күрт жылынғанда жайыла бастаған. Көшелер, үйлердің бірінші қабатындағы кеңселер мен жертөлелерді түгел су басқан. Қала әкімі Асхат Шахаров даладан келген қызыл су бір сағат ішінде арықтарды толтырып, айналаны шайып кеткенін мойындады. Ал қыз баламен болған оқиғаға өзім ғана жауаптымын деді. 

“Даланың суы арнамен келіп, Оңтүстік айналма жолмен өткеннен кейін астында трубамен бірден Батысқа кіреді, 2 көшеде арық өтеді. Ашық арық ол. Көрмей қалып, аяғы тайып кетіп суға батып кеткен. Жауапкершілікті тікелей өзіме аламын”, – деді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.

Асхат Шахаров қазір қырдан құйылып жатқан судың арнасы бұрылғанын, соған қарамастан ауданды су басу қаупі әлі де сақталып тұрғанын айтады. Оқушымен болған оқиғадан кейін қаланың кейбір мектептерінде сабақ онлайн тәртіпте өтетін болды. Ал арыққа құлап өлім аузынан қалған оқушының ата-анасы полицияға арыз түсірмеген.

Талқылау