Ақтөбеде оқушыны бұралқы иттер талап тастаған: Тұрғындар балаларын сыртқа шығаруға қорқып отыр

Ақтөбеде Шанхай ықшамауданында мектеп оқушысы қаңғыбас иттерге таланды. Шошып қалған 13 жастағы жеткіншек қазір дәрігерлердің бақылауында. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
13 жастағы Темірланға көшедегі адамдар араша түсіп, жеткіншек қатты жарақат алмапты. Бірақ бойында қорқыныш пайда болған. Үрген дауысты естісе жалтақтап қалады дейді анасы.
“Сол күні ауруханаға барып, вакциналарды алып, аман-есен келді. Балаларда әлі де қорқыныш бар. Далаға да, ойнауға да, мектепке де бара алмайды. “Мама, апарып тасташы” дейді. Артынан тістеп алды. Вакцина керек деп айтқан. 4 рет апта сайын алуымыз керек. Вакциналар ауыр. Баламның қызуы көтеріліп жатты”, – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Салтанат Боранқұлова.
Тұрғындардың айтуынша, иесіз иттер қоқыс жәшіктерінің маңын күзетіп, келген адамдарға шабуыл жасайды. Бала түгілі үлкендерден де қорықпайды дейді. Сондықтан көпшілік ұл-қыздарының қауіпсіздігіне алаңдайды.
“Алдында баламды мектепке апарғанда ит артымыздан қалмай аңдып барып, аңдып алып келеді. Балалар қоқыс төккенде де қорқады. Иттер өте көп. Артқы жақтағы дүкенге де барайық десек бара алмаймыз. Кәдімгідей иттер деген толып отырады. Бір шара қолданса жақсы болар еді. Ит қайта-қайта үсті-үстіне туып жатыр”, – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Алмагүл Асанғалиева.
Биыл “Жануарларға жауапкершілікпен қарау” туралы заңға өзгерістер енгізілген. Соған сәйкес, қаңғыбас иттерді аулау міндеті ветеринария басқармасынан алынып, ауыл шаруашылығы бөліміне беріліпті.
“Жеке кәсіпкер қазіргі күні 8 бригада ұйымдастырды. Аулаушылар бар. Олар да қимылдамайтын дәрі дейміз бе, соны иттерге береді. Жеке кәсіпкердің панажайы бар. Ауру болса, агрессиялы иттер болса көзі жойылады. Қалған иттер ұрғашы болса стерильделеді. Еркегі болса кастрация жасалады. Құлақтарына чип салынады”, – деді Ақтөбе қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Тоқболатов.
Бөлім басшысының айтуынша, биыл осы мақсатқа 55 миллион теңге бөлінген. Жыл басынан бері мың жарымға жуық ит ауланған.
"Сот шешіміне дейін пәтерде тегін тұра ала ма": Үй иелері мен жалға алушылар Қазақстандағы жаңа өзгеріске байланысты нені білуі керек