Ақтөбеде хиджаб киген оқушылар келесі сыныпқа көше алмай қалуы мүмкін
Ақтөбеде үшінші тоқсан басталғалы сабаққа қатыспаған орамалды оқушылар келесі сыныпқа көше алмай қалуы мүмкін. Бүгін облыстық білім басқармасы қыздарының басындағы орамалдарын даулап, мектепке жібермей отырған ата-аналарға осыны ескертті. Ал мектеп директорларын «баламызды оқу процесінен заңсыз шеттетіп отыр» деп сотқа берген ата-аналардың арыздарын сот қанағаттандырусыз қалдырды. Бірақ, ата-аналар мектептің ғана емес, соттың да шешімін мойындамайтын сияқты.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Мектеп директорларын сотқа берген іске қатысты алғашқы шешімдер шығып та үлгеріпті. Сот мектептің ішкі тәртібіне көнгісі келмейтін ата-аналарға жалпыға ортақ мектеп формасын сақтауды міндеттепті. Алайда жарты жылдан бері мектеп талабын мойындамай келген ата-аналар соттың шешіміне де бағынбай отыр. Өйткені бүгін сол соттан ұтылған екі ата-ана қыздарын мектепке тағы әкелмепті.
“Ол балалар бүгін сабаққа келген жоқ. Жалпы біз енді ол балаларды мектепке шақыртып, сабақты әрі қарай жалғастырамыз. Бүгін калсс жетекшілері хабарласты. Біреуінің ата-анасы телефонына жауап бермей тұр. Екіншісіне біз телефон арқылы хабарласып, міндетті түрде баланы мектепке әкеліңіз деп айттық”, – дейді Ақтөбе қаласы № 40 орта мектебінің директоры Бауыржан Сарин.
Ал тым ұзаққа созылып кеткен мәселені облыс басшысы Бердібек Сапарбаев тек өткен аптада ғана байқаған секілді. Бар кінә ата-аналарда деген өңір басшысы, «алдағы үш айда орамал мәселесі толық жойылатын болсын» деп қол астындағыларға түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Ал әкімнен тапсырма алған білім басқармасы 162 баланың басынан орамалдарын шештік дейді. Енді 178 оқушы қалған.
“Егер де балалар осындай ұзақ уақыт мектепке келмейтін болса, ол балалар тоқсандық баға шығарылмайды, аттестациядан өтпейді деген сөз. Біз қазір ата-аналарға түсіндіріп жатырмыз. Ол деген сөз ол екінші тоқсанда қатыспаса, үшінші тоқсанда қатыспаса ол жалпы стандарттың бағдармасынан қалып қойды деген сөз. Ал стандарттың бағдарламасынан қалды деген сөз ол келесі класқа көше алмайды деген сөз”, – дейді Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.
Алайда оқу жылы басталғалы шешілмей келе жатқан орамал мәселесін жоғарыдан енді ғана тапсырма алып жатқан жауаптылар, «үш ай емес, тіпті екі айдың ішінде шешіп боламыз» деген сенімде отыр.
Оқи отырыңыз:
Таразда қырыққа жуық қоғамдық көлік рейске шықпай қойды
Оралда жантүршігерлік апаттан аман қалғандар оқиғаның қалай болғанын айтты
Алматы облысында 10 жасар қыз әлі күнге дейін мектепке бармаған
Қоғам белсендісі орта жастағы әйелдерге “қырындайтын” таксишілердің ұятсыздығын айтты