Ақтөбеде әкімдік қызметкерін өлтірген азамат көше камераларының арқасында табылды
Ақтөбеде полиция облыс әкімдігінің 47 жастағы қызметкерінің жантүршігерлік өлімін тергеп жатыр. 23 ақпан күні жүмысқа шыққан әйел із-түссіз жоғалып кеткен. Бір күннен кейін туыстары Жанна Мұратқалиеваны іздей бастайды. Ал келесі күні әйелдің мәйіті көліктің жүксалғышынан табылады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
"Ақтөбе облысында 47 жастағы әйел жұмысқа кетіп, оралмаған. Полиция қызметкерлері 25 ақпанда жедел-тергеу іс-шаралары кезінде 29 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Оның автокөлігінен пышақ жарақаты түрінде зорлықпен өлтіру белгілері бар жоғалған әйелдің мәйіті табылды. Осы дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабы "Кісі өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – дейді Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов.
Әріптестерінің айтуынша, әйелді адам танымастай етіп азаптаған. Кісі өлтіруші мен жәбірленуші бір-бірін бұрыннан танитын дейтін нұсқа бар. Тергеу мүддесі үшін полиция ешқандай мәліметтерді жарияламай отыр. Бірақ жұмысқа бара жатқан марқұмның қай көлікке мінгенін жазып алған көше камераларының арқасында күдіктінің кім екені анықталған.
- Ас үй пышағымен өлтірген: Түркістанда қасапшының денесі көше қиылысынан табылды
- Астанада әйел күйеуінің бұрынғы жарын пышақтап өлтірді
Жанна Мұратқалиеваның артында 16 және 17 жастағы кәмелетке толмаған екі қызы қалды. Екеуі де студент. Бадамша ауылынан қоныс аударған әйел облыс әкімдігіне жақында ғана ауысқан.
"Жанна Дәулетқызымен жарты жылдай жұмыс істеп үлгердік. Ол өте жауапты, ұқыпты қызметкер еді. Өте ауыр қайғы. Кеше әріптестерімізбен бірге қыздарына көңіл айтуға бардық. Қайғылы оқиға жайлы сенбі күні туыстары телефон соғып, жұмыстан келмегенін айтқан соң ғана білдік", – дейді Ақтөбе облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Тұрсынгүл Бисаутова.