Ақтөбеде 400-ден астам аурухана қызметкері жұмыссыз қалғалы тұр
Ақтөбеде темір жол ауруханасында жұмыс істейтін төрт жүзден астам дәрігер жұмысынан айырылайын деп тұрған көрінеді. Оның себебі денсаулық сақтау мекемесі келесі жылдан кейін жұмысын тоқтатады екен. Денсаулық сақтау басқармасы мекемеден бірқатар ереже бұзушылықты анықтаған. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтамағандықтан ауруханаға науқас қабылдауына тыйым салыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау басқармасы 400-ден астам қызметкер жұмыс істейтін мекемені жаппақшы. Себебі тексеріс барысында қызметкерлердің санитарлық тәртіпті сақтамағаны анықталыпты. Осының салдарынан мекеме қызметкерлері жаңа жылдан кейін қайда барарларын білмей шырылдауда.
"Қаншама қызметкер бар. 20 жыл, 40 жыл жасаған адамдар бар. Үйренген жерлері. Ешкім кеткісі келмейді. Бәрінің басында несие, мойнында қарызы бар. Өзіме де қатысты", - деді дәрігер Ғалымбек Алқанбаев.
"Зейнетке бір жыл қалды. Соған уайымдаймын. 20 жыл болды осында істегеніме. Жұмыссыз қалғым келмейді, қорқып тұрмын", - деді аурухананың тағы бір қызметкері Ризада Әлімбаева.
Ауруханада бір уақытта 120 науқас ем қабылдай алса, емхана жергілікті 12 мың тұрғынға қызмет жасайды екен. Алдыңғы жылдан бері аурухананы басқару жекенің қолына ауысыпты. Ал тексерістен кейін мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы тоқтатылып, басқа денсаулық сақтау мекемелеріне үйлестірілетін көрінеді.
"Тұрғындардың бәрін өзге емханаларға бөліп жатыр. Жылына 520 миллион теңге мемлекеттен науқас қабылдауға бөлінетін еді. Енді бермейтін болды. Ақша болмаса, біз қалай жұмыс істейміз? Дәрігерлер де жұмыссыз қалады", - деп мәлімдеді Теміржол ауруханасының басқарушы директоры Марат Өтегенов.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұл жайттың рас екендігін өзі растады. Сөзінше, мекемеде анықталған жағдайлар санитарлық тәртіпке мүлдем сай келмейді.
"Ол жерде мүмкіншілік болмай отыр. Қиындықтар туындап отыр. Өйткені ауруханадағы жағдай санитарлық нормаға сәйкес келмейді. Емханасы, ауруханасы іші салқын. Бұл мәселелердің бәрі жойылған кезде біз керует қорын, тіркелген халықты кейін қарай қайтарып беруге дайынбыз" , - деп жауап берді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Бұған қоса шенеуніктер теміржол ауруханасына келесі жылдың наурыз айына дейін кемшіліктерді түзетуге уақыт бергендігін қосты. Егер айтылған жағдайлар қарастырылмаса, мекеменің лицензиясын сол к.ні жоямыз дейді. Айтуларынша, қызметінен айырылып қалған дәрігерлер жұмыссыз қалмайды екен. Олар облыстың басқада емханалары мен ауруханаларына жіберіледі деп сендірді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.