Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысының тұрғындары жарылғыш заттардың қоймасын көшіруді талап етті: Әкім мәселені жеке бақылауға алғанын мәлімдеді

Ақтөбе іргесіндегі Ақжар ауылының тұрғындары Арыс пен Жамбылдағы жарылыстың қайталануын қаламайтындарын айтып наразылыққа шыққан болатын. Олар үйлерінің тап түбіндегі жарылғыш заттар сақтайтын қойманы басқа жаққа көшіруді талап еткен. Осы мәселеге байланыстың тұрғындардың талабы орындала ма?  Бұл сұраққа өңір әкімі Оңдасын Оразалин жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жамбылдағы жарылыстан қатты қорқып қалған тұрғындар дәл сондай жағдай осы жерде де қайталанама деп үрейленген. Тұрғындар осындағы төрт қоймада жарылғыш заттардың сақталуы әбден мүмкін екенін айтып, оны көшіруді талап еткен болатын. Осы мәселеге қатысты Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ОҚК орталығында өткен брифингте жауап берді. 

“Бұл қойма бұрыннан бар. Биылғы жарылыстарға байланысты, біз халықтың бұл алаңдаушылығын түсінеміз. Қазіргі таңда мәселені түбегейлі зерттеп отырмыз. Себебі, мекеме сол қойманы салған уақытта ол жерде мүлдем тұрғын үйлер болмаған. Өкініштісі, көптеген өтініштерге байланысты тұрғын үй салуға рұқсат берілгесін осындай мәселе пайда болды. Шешу жолдарын жан-жақты зерттеп, қарастыруға тапсырма бердім. Түбінде тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Мәселеге байланысты бір шешім шығарылғаннан кейін хабарын береміз. Менің жеке бақылауымда болады”, – деді әкім. 

Бұдан бұрын Арыс пен Жамбылдағы жарылыстан үрейленіп қалған Ақтөбе облысының тұрғындары жарылғыш заттардың қоймасын көшіруді талап еткенін жазған болатынбыз. 

Айта кетсек, Қазір ол жерде "Казпромгеофизика" акционерлік қоғамына тиесілі қойма бар. Ондағы жарылғыш құралдар мұнай өнеркәсібіне пайдалануға арналған. 

Талқылау