Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысындағы тоған жағасынан 4 тонна өлі балық жиналды

Ақтөбе облысындағы Кузьмин тоғанындағы балықтардың қырылуына байланысты экологтар суға лабораториялық зерттеу жүргізеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Экология министрлігінің мәліметінше, 4 тонна өлі мөңке балықтары жиналды және жойылды.

Балықтардың жаппай қырылуы 12 сәуірде тіркелген. Хабарлама ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің "Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы" инспекциясына келіп түскен.

Сол күні инспекция мамандары ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының және Ақтөбе облысының Табиғи ресурстар басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп осы су айдынына тексеру жүргізді.

"Зертханалық зерттеулер жүргізу үшін су мен балықтан сынама алынды. Қазіргі болжам бойынша балықтардың қырылуына су деңгейінің жеткіліксіздігінен (1,0-1,5 м) қыста суда оттегінің болмауы себеп болуы мүмкін", - делінген экология министрлігінің хабарламасында.

Балықтардың өлімінің нақты себебі туралы тиісті зертханалық зерттеулер жүргізілгеннен кейін қосымша хабарланады.

Айта кетейік, Кузьмин тоғаны Қобда ауданының Жарсай ауылдық округінде орналасқан. Тоғанның ауданы 3 гектар. Ол балық шаруашылығы су айдындарының тізіміне енбеген. Тоған мал суару үшін салынған. Су қоймасының жанында өндірістік объекті жоқ.

Талқылау