Ақтөбе облысындағы боран: Әкім тұрғындарға үндеу жасады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров әлеуметтік желісінде өңірдегі боран жөнінде бейнежазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: aqtobe_akimat
Әкімнің айтуынша, 8 ақпандағы жағдай бойынша 7 республикалық және 7 облыстық маңызы бар автожолдар жабық.
"Апаттық-құтқару жұмыстарына 46 полиция жасағы, төтенше жағдай, әскери бөлімдер мен жергілікті атқарушы органдардан 81 бірлік техника, 211 жеке құрам тартылды. Облыстың 8 ауданының орталығында, яғни Қарғалы, Қобда, Әйтеке би, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Байғанин, Мәртөк аудандарында 11 жылыту пункті ашылды. Онда 427 адам, оның ішінде 18 әйел және 20 бала орналастырылды. 8 автобус қар құрсауынан шығарылып, 157 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды және жақын жердегі жылыту пунктеріне жеткізілді. Полиция трассалардағы 50-ден астам автокөлікті құтқарды", – деді әкім Асхат Шахаров.
Сонымен қатар ол өңірдегі жарық беру мәселесіне тоқталып, бригадалардың түнімен жұмыс істейтінін тілге тиек етті.
"Облыстағы 56 ауылдың 27-сі жарыққа қосылды. Ол – 2 700 абонент. Ақтөбе қаласында да жарық сөнді. Қала және аудандарда жарық беру жұмыстары түнімен жүргізіледі", – деп атап өтті облыс әкімі.
Ал сумен қамту бойынша "Төменгі Қарғалы" және "Тамды" бастоғандары, сонымен бірге қаланың су тазарту нысандарының жұмысы қалпына келтірілген.
Бейнежазба соңында өңір басшысы сын сағатта күндіз-түні қолдау көрсетіп, жолдағы азаматтарға барынша қол ұшын созып жатқан мейірімді жандарға, волонтерларға алғыс айтып, баршаны болған жағдайларға түсіністік танытып, сабыр сақтауға шақырған.
"Біз әрқашан біргеміз. Амандықта болайық", – деп сөзін түйіндеді Асхат Шахаров.
Еске салайық, Ақтөбе облысында қарлы бораннан кейін 20-дан астам ауыл жарықсыз қалды. Ақтөбелік құтқарушылар науқасты ауруханаға жеткізу үшін 18 км бойы жол талғамайтын көліктің алдында ақтүтек боранда жаяу жүрді.

"Бор мен қағазды өзіміз сатып аламыз": Қазақстандық мұғалімдер мектеп басшылығына шағымданды
