Ақтаудағы екі баланың өлімі: Полиция қандалаға қарсы у шашқан көршісін қамауға алмаған
Ақтауда қандаланы өлтіру үшін пәтерді улап, екі баланың өліміне себепші болған пәтер иесіне әлі күнге дейін алдын алу шарасы жасалған жоқ. Әйел әлі бостандықта. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтауда болған жағдайға қатысты тергеу шаралары жүргізілуде. Мұны Маңғыстау облысының полиция департаменті мәлімдеді.
Ақтаудағы № 7 ықшам аудандағы екі баланың улануына байланысты шаралар қолданылып жатыр.
Өлімге әкеп соқтырған улану фактісі Қылмыстық кодексінің 304-бабының 3-бөлігімен “Адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелерді немесе гигиена нормаларын бұзу” бойынша Маңғыстау облысының полиция департаментінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптама тағайындалды, оның қорытындысы іс бойынша сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау үшін сотқа жіберіледі.
“Сараптама қорытындысы әлі дайын емес. Нәтижелер шыққаннан кейін ғана іс бойынша айыпталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселе туындайды", – деп түсіндірді полицейлер.
22 қазанда Ақтауда екі бала қандаланы өлтіретін дәріге уланып, көз жұмғаны белгілі болды. Көршісі зиянкестерден құтылу үшін пәтерін улап кетіп қалған. Кейін тағы үш бала мен екі ересек те уланып, ауруханаға түскен.