Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақ бортындағы қазақстандықтардың барлығы қаза тапқан
Ақтауда апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының бортындағы Қазақстан азаматтарының барлығы қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТЖД
Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев брифингте мәлімдеді.
Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағында барлығы 67 жолаушы, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Бортта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапты.
“Ұшақта Әзірбайжаннан 37 адам болған. Оның 23-і қайтыс болды, 14-і аман қалды. Қырғызстандық 3 жолаушының барлығы аман қалды. Ресейлік 16 жолаушы, оның 9-ы аман қалды. Қазақстанның 6 азаматы қаза тапты. 5 адамнан тұратын экипаж мүшелерінің екеуі қаза тауып, үшеуі тірі қалған", – деді Марат Қарабаев брифинг барысында.
Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының, біреуі Қостанайдың, біреуі Астана тұрғыны болғандары анықталды.
Ақтау маңында құлаған ұшықтың қара жәшігі қылмыстық іске дәлел ретінде қосылады.
Қазіргі уақытта апат орнынан қара жәшік тәркіленді. Айғақ ретінде қылмыстық іске оқиға орнынан табылған рейстіркегіш де қосылды.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, ұшақпен байланыс сағат 11:28-де үзілген, ұшақ сағат 11:30-да апатқа ұшырады.
Еске салсақ, Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан "Azerbaijan Airlines" әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлағаны туралы жазған едік. Желіде ұшақтың ішінде апатқа дейін және кейін түсірілген видеолар пайда болды.
Қазір апат болған Түпқараған ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.
Айта кетейік, Ақтау маңындағы ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқаны белгілі болды.