Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ТЖД

Ұшақ апатын тексеру жөніндегі комиссияны басқарған Қанат Бозымбаев қаза тапқандардың нақты санын айтты.

Апат салдарынан 29 адам ауруханаға жатқызылды. 11 адамның жағдайы ауыр.

Зардап шеккендердің арасында Әзірбайжанның 15 азаматы, Ресейдің 9 азаматы, Қырғызстанның 2 азаматы бар, тағы үш адамның азаматтығы нақтылануда.

"Мәйіттердің жағдайы нашар. Негізінен денелерін күйік шалған. Мәйітханада олардың жеке бастары анықталатын болады. Қазір 29 адамның ауруханаға жеткізілді. 11 адамның жағдайы ауыр, қалғандарының жағдайы орташа ауырлықта", –  деп түсіндірді Бозымбаев.



Тірі қалғандардың арасында бір әйелдің жеке басы анықталмаған.

"Өкінішке орай, бүгінде тірі қалғандар арасында бір ғана әйел бар, оның кім екені анықталмады, ол ес-түссіз жатыр. Тірі қалғандардың ішінде бірде-бір қазақ азаматы жоқ. Ұшақта 6 Қазақстан азаматы болған", – деді премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Оқиға орнында тергеу жедел тобы жұмыс істеп жатыр.

“Оқиға орнында тергеу жедел тобына ведомство қажетті көмек көрсетуде”, – деп ТЖ министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов айтты.

Іздеу жұмыстарына кинологиялық есептоптар жұмылдырылған. Құтқарушылар арнайы жабдықты пайдалана отырып, тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн.

Ақтауға Әзірбайжаннан құтқарушылар келді.

Осы минуттарда жедел желі телефондарына барлығы 629 қоңырау түскен.

Еске салсақ, Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан "Azerbaijan Airlines" әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлағаны туралы жазған едік. Желіде ұшақтың ішінде апатқа дейін және кейін түсірілген видеолар пайда болды. 

Қазір апаты болған Түпқараған ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. 

Талқылау