Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Тергеудің алдын ала нәтижелері мен апаттың хронологиясы жарияланды

Көлік министрлігі 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзірбайжан әуе жолдарының (AZAL) ұшағының оқиғасы бойынша тергеудің алдын ала қорытындысын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ТЖМ

Баяндаманың көлемі – 53 бет. Құжатта есеп аясында жүргізілген тергеу "біреудің кінәсі немесе жауапкершілігінің үлесін анықтауды білдірмейді" деп көрсетілген.

Бірінші соққылар сағат 05:13:31-де болды. "Қатты соққы тіркелді және автопилотты өшіру туралы дыбыстық дабыл қосылды". Содан кейін 3-ші гидравликалық жүйедегі сұйықтық пен қысым төмендеді.

Сағат 05:13:36-да тангаж бойынша ұшақтың триммерлеу жүйесінен ақау шықты. 

Сағат 05:13:39-да FDR дерегінше, кабинадағы қысым төмендете бастады.

05:13:47-де 1-гидравликалық жүйедегі қысым мен сұйықтық деңгейі төмендеді.

Сағат 05:13:54-те 2-гидравликалық жүйедегі қысым төмендеді.

05:13:56-да екінші дыбыстық соққы тіркелді. Сағат 05:14:58-де командир жағдайды анықтау үшін домофон арқылы кабина экипажына хабарласып: "Алло, не болды?" деп сұрады. Бортсерік "2 орын жарылып кетті, мен...жаныңызға бара алмаймын, өйткені жолаушылар тұрып кетті, мен оларды отырғызып жатырмын" деп жауап берді.

Төменде экипаж бен диспетчер арасындағы диалог көрсетілген. Экипаж мүшелері ұшаққа құс соғылды деп ойлаған.

"Грозный, басқару сәтсіз аяқталды, ұшу кабинасында құс соғылып, кабинадағы 2 орын жарылып кетті" дейді экипаж. Қандай көмек қажет екенін сұрағанда экипаж "Ауа-райы қалыпты болатын ең жақын аэродром қажет" деп жауап береді.

05:18:58 деректерге сәйкес (FDR) EICAS "CABIN ALT HIGH" дабылы іске қосылды. Одан кейінгі рейсте бұл дабыл 8 рет қайталанды.

Кейін экипаж Минводтағы ауа райын сұрайды. 05:22:59-да ұшақтың гидравликасы істен шықты. Экипаж Баку мен Махачкаланың ауа-райын сұрап, Бакуге бағыт алуды ұйғарады, бірақ кейін Ақтаудағы ауа райын сұрайды.

Сағат 05:42:40-та экипаждан "Ақтауға бағыт аламыз" деген нұсқаулық түседі. Олар дәрігер мен өрт сөндірушілердің көмегі қажет екенін айтады.

06:27:58-де ұшақ апатқа ұшырады.

"Бұл алдын ала мәлімет және барлық материалдарды зерттеу және зерделеу нәтижелері бойынша нақтыланып, толықтырылуы мүмкін. Жұмыс аяқталғаннан кейін тергеу нәтижелері бойынша қорытынды есеп жасалады”, – делінген құжатта.

Сонымен қатар есепте комиссияның ұшақ құрылымдарының зақымдануын егжей-тегжейлі тексеруді жалғастырып жатқаны көрсетілген. 



“Сақталған фрагменттер алғашқы тексеру кезінде артқы фюзеляжда, қанаттар мен тұрақтандырғыштарда, лифттерде және рульде әртүрлі өлшемдер мен пішіндердің көптеген зақым барын көрсетті. Осыған ұқсас зақымдар ұшақтың сол жақ қозғалтқышы мен сол қанатында, сондай-ақ ұшақтың тораптары мен бөлшектерінен табылған. Зақымданған кей жерлердің пішіні тік төртбұрышқа ұқсайды”, – делінген есепте.

Еске салайық, бұған дейін Ақтауда апатқа ұшыраған ұшқыштар мен диспетчерлердің соңғы диалогы пайда болғанын жаздық. Аудиода Грозныйға қонбау, Махачкалаға ұшпау, одан кейін Бакуге қайтып оралу, соның нәтижесінде Ақтауға ұшу туралы барлық шешімді Әзірбайжан әуе жолдарының экипажы дербес қабылдағаны естіледі. Диспетчерлер әуелі Грозныйға, сосын Махачкалаға қонуды ұсынып, экипажға Ресейдің басқа әуежайлары туралы ақпарат берді, бірақ экипаж бұл жерге қонбауды ұйғарды. Оның үстіне жазбалардан құстармен соқтығысу, борттағы жарылған газ баллоны туралы нұсқаны ұшақ экипажы диспетчерлермен сөйлесіп жатқан кезінде айтқаны белгілі болды.

Талқылау