Ақтау маңындағы ұшақ апаты болған Түпқараған ауданында төтенше жағдай жарияланды
Ақтау маңындағы ұшақ апаты болған Түпқараған ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ұшақ апаты болған орынға барды.
Министрлік зардап шеккендерге қатысты қосымша мәліметтер жариялады.
"Azerbaijan Airlines" әуе компаниясының ресми деректері бойынша, бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың арасында: 6 Қазақстан азаматы, 42 Әзірбайжан азаматы, 3 Қырғызстан азаматы, 16 Ресей азаматы болған. Тағы 1 адамның азаматтығы анықталып жатыр. Экипаж мүшесінің барлығы Әзірбайжан азаматтары”, – делінген төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.
Ұшақ апатын тексеру жөніндегі комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевтың айтуынша, апатта 38 адам қаза тапқан.
Министрлік мәліметінше, апатта аман қалған 29 адам, оның ішінде 3 бала ауруханаға жатқызылған. Олардың ішінде 15 Әзірбайжан азаматы, 9 Ресей азаматы, екеуі Қырғызстан азаматы, 3 адамның азаматтығы анықталып жатыр.
Еске салсақ, Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан "Azerbaijan Airlines" әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлағаны туралы жазған едік. Желіде ұшақтың ішінде апатқа дейін және кейін түсірілген видеолар пайда болды.