Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақша үшін емес, намыс үшін белдестім": Мақсат Исағабылов "Қазақстан барысындағы" жеңісі туралы айтып берді

Биыл елімізде дәстүрлі қазақ күресінен 11 рет “Қазақстан барысы" додасы дүбірлі дүркіреп өөті.  Әр аймақтың ең үздік балуандары сынға түскен турнирде қызылордалық Мақсат Исағабылов жеңіске жетіп, «Алтын белбеуді» қанжығасына байлады. Жеңімпазға туған жері де лайықты құрмет көрсетіп, қошеметке бөледі. Аймақ басшысы облыс орталығынан пәтер сыйлап, туған жері Қармақшы ауданының тұрғындары ақ боз ат мінгізді. Балуанның республикалық жарыстан алған әсері мен алдағы жоспарларын білу үшін Stan.kz тілшісі Мақсатты әңгімеге тартқан еді.  

Исағабылов

 Қайырлы күн, Мақсат! Жеңісіңіз тағы да құтты болсын! Өзіңізді сайт оқырмандарына жақынырақ таныстырып өтсеңіз?

– Мен 1994 жылы Қызылорда облысына қарасты Қармақшы ауданында дүниеге келгенмін. Осында орта мектепті тәмамдадым. Ата-анам – қарапайым кісілер. Отбасында төрт ағайындымыз, үйдің кенжесімін.  Жанұямда спортпен кәсіби түрде шұғылданған адамдар жоқ. Дегенмен әкем мен ағам – қандай сайыс болмасын Қазақстан үшін шынайы жанкүйер, спорт десе ішкен асың жерге қоятын азаматтар. Өзім әзірге бойдақпын, болашақта өз отбасымды құру жоспарымда бар.

 Спортқа қалай келдіңіз, қазақ күресі несімен қызықтырды?

– Қармақшы ауданында қазақ күресіне бармайтын, спорттың осы түрімен айналыспайтын бала өте аз. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Бесінші сынып оқып жүрген кезімде алғаш рет жаттығу залына бардым. Әкем қолымнан ертіп, бірінші ұстазым Болатбек Кенеевке табыстаған болатын. Жалпы, қазақ күресіне деген қызығушылығым өте зор болды. Алдыңғы буын ағаларыма қарап еліктейтінмін. Ақырынлап спортқа қадам жасай бастадым. Ең үлкен ұстазым Әділбек Серікбаев деген жаттықтырушым болды. Өкінішке қарай, бұл кісі дүниеден өтіп кетті. Осы азаматтың қолдауының, еңбегінің арқасында көптеген жетістіктерге жеттім деп ойлаймын.

– “Қазақстан барысында” жеңіске жеттіңіз. Бұл жарысқа дайындық қалай жүрді?

– Менің ойымша, “Қазақстан барысы” бұл ұлттық қазақ күресінің қайта жаңғыруына, еңсесін тіктеуіне септігін тигізген бірден-бір турнир. Нағыз балуандарды анықтауға мүмкіндік беретін дүбірлі дода. Биылғы сайысқа мен ұзақ уақыт дайындалдым. Күнделікті жаттығуға 7-8 сағат уақытымды бөлемін. Бұдан бөлек, таңертеңгі жүру және жүгіру бар, тек жексенбі күні ғана бір мезгіл тынығамын. Жарыс алдында Алматы қаласында оқу-жаттығу жиындары өтті. 20 күн бойы үздіксіз жаттықтым, білікті мамандардың жіті бақылауында болдым. Жалпы жарысқа физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да дайын болып бардым, нәтижесінде жеңіске жеттім.

– Финалда Нұрдәулет Жарылғаповпен белдестіңіз. Маңғыстаулық спортшының мықты және осал тұсы қандай болды?

– Ол өте мықты балуан екенін сайысты тамашалаған көрермен байқаған болар. Нұрдәулеттің тәжірибесі мол, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері аз емес. Белбеу күресінен Әлем чемпионы. Маған ақтық кездесуде бұл спортшымен белдесу оңай болған жоқ. Бір жағынан Нұрдәулеттің салмағы менікінен 35 келі артық. Ол белдесу барысында қарсыласын артқа лақтыру әдісін өте жетік меңгерген балуан. Сол себепті кездесуді жылдамырақ аяқтау қажет болды. Абырой болғанда, қарсыласымнан айламды асыра алдым.

– Мақсат кәсіби біліміңіз бар ма? Болашақта жас спортшыларды жаттықтыруға қалай қарайсыз?

– Жасыратыны жоқ, кейбір әріптестеріміз бар уақытын спортқа арнап кетеді. Бұл мансапты аяқтағаннан кейін бірқатар қиындық тудыруы мүмкін. Сол себепті өзім білім алуға, жан-жақты дамуға уақыт бөлуге тырысамын. Мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетнің түлегімін, мамандығым – “Алғашқы әскери дайыныдық” пәнінің мұғалімі. Одан кейін “Заңгер” мамандығын оқып шықтым. Алдағы уақытта “Дене шынықтыру” мамандығын алуды көздеп отырмын. Әрине, болашақта жас спортшыларды жаттықтыруға қарсы емеспін. Әрқашан жинаған тәжірибеммен бөлісуге дайынмын. Оның үстіне қазіргі жас балуандардың қазақ күресіне деген ынтасы өте жоғары. Дәл қазір мен толықтай өмірімді спортқа арнап келемін.

– Мақсат тәжірибелі спортшы ретінде біздің елімізде спортшыларға қаншалықты жағдай жасалғанын айта аласыз ба? Мемлекеттік қолдауға көңіліңіз тола ма?

– Спорт – мемлекеттің сыртқы саяси аренада имиджін қалыптастыратын негізгі тетік. Бұл салаға қазір көп қолдау болып жатыр деп ойлаймын. Біз емін еркін жарыстарға қатысып жатырмыз, шетелдік мамандармен тығыз байланыс орнатылған. Қарап отырсақ, бүгінде күнін көре алмай жүрген спортшыны көрмейсің. Тұрақты табыспен қамтамасыз етілгенбіз. Бұл ретте мемлекеттік қолдауға көңілім толады.

– “Қазақстан барысында” 25 миллион теңгеге қол жеткіздіңіз. Қомақты қаражатты қайда жұмсамақ жоспарыңыз бар?

– 25 миллион теңгені әлі алған жоқпын. Бұл қаражат бірнеше айдан кейін ғана есеп шотыма түседі. Оған дейін бізден алынған допингтік сынамалар тексеріледі. Соның нәтижесіне қарай, ұтыс берілетін болады. Әзірге ешқандай жоспар құрмадым, уақыт өзі көрсетер. Мен ақша үшін белдескен жоқпын. Маған Сыр елімнің намысы бәрінен жоғары болды. Сол себепті жеңісті қолдан бермеуге тырыстым.

– Сіз үшін ең маңызды, ең бірінші жанкүйер кім?

– Мені осы спортқа әкелген, маған үлкен үмітін артқан әкем болды. Мен үшін ол кісінің пікірі, айтқан кеңесі өте маңызды. Жарысқа қатысқанымда әкем маған жанкүйерлік етеді. Қолымнан келгенше ол кісінің сенімін ақтауға тырысамын. Одан бөлек анам, бауырлар, туыстарым және достарым бар. “Қазақстан барысында” бүкіл Сыр елінің қолдауын сезіндім. Қызылордалықтарды қуантқым келді, олардың үмітін ақтағаныма ризамын.

– Мақсат, сұхбатыңызға рахмет!

Талқылау