Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Путиннің айналасындағылар оған шындықты айтуға қорқады - АҚШ-тың барлау қызметі

Американың арнайы қызметі Владимир Путинге қатысты баяндаманы жария етті. Онда Путиннің айналасындағы көмекшілері оған толық және шынайы ақпаратты жеткізбейтіні айтылған. Баяндама туралы Ақ үйдің коммуникациялар бойынша директоры Кейт Бедингфилд журналистерге айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-дің орыс қызметіне сілтеме жасап.

"Путин мен әскерилер арасындағы шиеленіс"

"Біздегі ақпарат бойынша, Путин орыс әскерлері өзін жаңылыстырды деп санайды. Нәтижесінде Путин мен әскери қолбасшылардың арасындағы шиеленіс шешілмей келеді", – деді Бедингфилд.

"Біздің ойымызша, кеңесшілері Путинге Ресей әскерлерінің қаншалықты нәтижелі жұмыс атқарып жатқанына және санкциялардың салдарынан Ресей экономикасына қаншалықты залал келгені жөнінде жалған ақпарат береді. Оның жоғарғы кеңесшілері шындықты айтуға қорқады", –  деп қосты ол. 

Бедингфилдтің сөзінше, Байден әкімшілігі Ресей үшін Украинамен соғысу қандай стратегиялық қателік болғанын көрсету үшін осы шындықтың бетін ашты. Ол бұл ақпаратты қайдан немесе қандай тәсілдің көмегімен алынғанын жариялай алмайтынын жеткізді. 

"Путин қатты қателесті"

Осыған ұқсас пікірді британиялық GCHQ электронды барлау қызметінің басшысы Джереми Флеминг те айтты.

Оның айтуынша, Ресей президенті Украинаға шабуыл жасамас бұрын өз әскерінің күші мен қарсыласын лайықты бағаламаған. Енді оған кеңесшілері шындықты айтудан қорқып отыр. 

"Бұл Пентагонның алаңдаушылығын туғызады"

Пентагон өкілі Джон Кирби АҚШ әскери ведомствосы Путиннің Украинадағы жағдайға қатысты шындықты білмеуі туралы Ақ үйдің бағасымен келісетінін жеткізді. 

Кирбидің айтуынша, бұл мәселе Пентагонда алаңдаушылық тудырып отыр. 

"Бұл оның әскері, оның соғысы, оның таңдауы. Оның әскерлері Украинада қаншалықты сәтсіздікке ұшырап жатқанын толыққанды түсінбеуі мүмкін деген фактінің өзі қауіп тудырады", – деді ол.
Пентагон өкілінің пікірінше, Путинге ақпараттың нақты жетпеуі ұрысты тоқтату бойынша келіссөздер кезінде бұрыс шешімдердің қабылдануына себеп болуы мүмкін. 

"Жағдайының нашар екенін толық түсінбесе, оның бітімгерлері келісімге қалай келмек?" - деді Кирби.



Неге барлау қызметі үнсіз қалмады? 

Путиннің аз ғана адамдармен қарым-қатынаста болуы және өте санаулы адамдарға сенім артуы жаңашылдық емес. Бұл бір жағынан Covid-19 пандемиясы басталғаннан кейін оның айналасында құрылған карантиндік шаралармен ікелей байланысты. 

Бірақ соңғы кездері америкалық БАҚ беттерінде батыстағы арнайы қызметтердің Путиннің айналасында болып жатқан жайттарды анықтайтын тәсіл тапқаны жөнінде жиі жазылып жүр. 

Байден әкімшілігі өзіне белгілі ақпаратты өткен жылдың күзінен бастап жариялауда. Әдетте барлау қызметі алған ақпаратын жария ете бермейді. Бірақ бұл жолы соғысты тоқтату мақсатында әшкерелеп отыр. 
 

Талқылау