Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"АҚШ пен Аустралия тұрғындары да қарады": Жоғарғы сот Бишімбаевқа қатысты сот отырысының қорытындысын айтты

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотын Жоғарғы соттың YouTube арнасынан 3,4 миллионға жуық көрермен тамашалаған. АҚШ, Германия, Ұлыбритания, БАӘ, Аустралия, Түркия, Оңтүстік Корея, Бангладеш және басқа елдердің тұрғындары да сотты бақылапты. Эфир көрермендерінің басым бөлігі – 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жоғарғы сот

Жоғарғы соты Қуандық Бишімбаевқа қатысты 24 сот отырысы онлайн-трансляциясының қорытындысын шығарды. 

"27 наурыз бен 13 мамыр аралығында сот отырыстарында 48 тікелей эфир жүргізілді. Тікелей эфирді қайталап көру мүмкіндігі болды және БАҚ өкілдері қатысты. Тікелей эфирдің жалпы ұзақтығы – 119 сағат 3 минут 35 секунд", – деді Жоғарғы Соттың байланыс бөлімінің басшысы Перизат Сәдуақас.

Осы уақыт ішінде қазақстандық БАҚ журналистері сот процесінен 6 мыңнан астам материал жариялады. Ал әлеуметтік желілерде 85 мыңнан астам пост жарияланған.

"Сот отырысының онлайн-трансляциясы шетелдік БАҚ басылымдарында да жарияланды. Washington Post, Deutsche Welle, Aljazeera, Caspian Post, Reuters, Associated Press, Daily Mail, Al Arabiya, BBC News сияқты халықаралық ақпарат құралдары да процестің шешімін жазды", – деп қосты Сәдуақас.

Жоғарғы соттың YouTube-арнасында соттың хабары 3,346 миллион қаралымға ие болды.

"Бұл атышулы іске қоғамның жоғары қызығушылығын көрсетеді. Эфирге бір ретте 250 мыңға жуық адам кірген. Көрерменнің 63%-ын 25 пен 44 жас аралығындағы көрермендер алды. Көрермендердің 80%-ы – әйелдер", – дейді басылым.

Жоғарғы cотқа шетелдік БАҚ өкілдерінен де сотты өз елдерінде қайта трансляциялау туралы ұсыныстар түскен. Нәтижесінде Әзірбайжанның Baku TV ақпараттық арнасы (457 мың жазылушы), Қырғызстанның Akipress ақпарат агенттігі (1,18 миллион жазылушы), Қырғызстанның Super TV арнасы (1,61 миллион жазылушы) сот процесін көрсетті.

"Эфирді қамту ауқымы кең. Біздің хабарларымызды АҚШ, Германия, Ұлыбритания, БАӘ, Австралия, Түркия, Оңтүстік Корея, Бангладеш, Ресей, Грузия, Молдова, Польша, Беларусь, Украина, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдердің тұрғындары тамашалады. Бұл онлайн-хабарлама қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, құқықтық сауатты арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенеміз", – деді Перизат Сәдуақас.

Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Олардың сот отырысы 2024 жылы 27 наурыздан басталып 10 мамырға дейін жалғасып, ашық түрде өтті. 

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталған.

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды. 

Талқылау