АҚШ Иранға қарсы соққы беру нұсқаларын дайындады – БАҚ
АҚШ үш сарбаздың өліміне әкелген дронның шабуылына жауап ретінде Сирия мен Ирактағы Иранның әскери нысандарына соққы беруге дайындалып жатыр. Мұны Politico жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay
Бұл – Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс басталғаннан бергі АҚШ күштеріне қарсы жасалған алғашқы қанды соққы. Сарапшылар АҚШ қалай жауап қататынын болжады.
Уильям Риверс, Кеннеди Сандерс және маман Бреонна Моффет Сирия-Иордания шекарасында орналасқан АҚШ армиясының резервтік бөлімінде қызмет еткен. Олар белгісіз ұшқышсыз ұшақтың шабуылынан мерт болды.
“Ислам тарапы жасаған бұл шабуыл – тікелей соққы. Бұл соққы Еуропа елдерімен бірге Израильді қолдау үшін барлық әскери тетігін пайдаланып жатқан АҚШ-қа қатты әсер етті”, –деді Мохаммед Гандур.
Бейресми дереккөздерге қарағанда, ұшқышсыз ұшақ Иран қолдаған Ирактағы исламдық қарсыласу тобына тиесілі болған. Тегеранның өзі шабуылдарға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
“Шабуыл жасаған топтар Иран Ислам Республикасының бұйрықтарына бағынбайды. Иран Ислам Республикасы аймақтағы қақтығыстарды құптамаса да, басқа топтардың Палестина ұлтына қалай қолдау көрсететінін немесе халқын кез келген басқыншылықтан қорғау туралы шешімдеріне араласпайды”, – деді Иран ішкі істер министрлігінің өкілі Насер Канаани.
Бұл АҚШ-тың Сирия мен Ирактағы әскери базаларына жасалған бірінші және соңғы шабуыл емес сыңайлы. Ирактың исламдық қарсыласу топтары АҚШ-тың Израильді қолдап жатқанына осылай наразылық білдірген. Вашингтон бұл шабуылдар үшін Иранды ашық түрде айыптады. Бірақ олар АҚШ Тегеранмен соғысуға ұмтылмайды деп атап өтті.
“Біз мұның Ислам революциясының сақшылар корпусы және Хезболла қолдайтын жасақ екенін білеміз. Мұның артында Иран тұр. Ал Тегеран бұл шабуылдарды жүзеге асыру үшін топтарды қаруландыруды жалғастырып жатыр. Бірақ біз, әрине, соғысқа ұмтылмаймыз. Ашығын айтқанда, Иран да АҚШ-пен соғысуға мүдделі емес екенін білеміз”, – деді Пентагон өкілі Сабрина Сингх.
Бірақ сарапшылар Вашингтон да арандатушылықты елеусіз қалдыра алмайтынын айтады.
“Бұл – өте қауіпті қадам, АҚШ батыл жауап беруі керек. Яғни Ирактың өте жоғары лауазымды жасақ басшыларын, бәлкім, кейбір жоғары лауазымды ирандықтарды өлтіру қажет. Бағдад та, Тегеран да әрекет етуі керек”, – деді OXFORD ANALYTICA Таяу Шығыс талдаушысы Лаура Джеймс.
Politico АҚШ-тың Иранға қарсы соққы беру нұсқаларын әзірлеп жатқанын жазды. Президент Байденнің қол қоюын күту ғана қалды.