Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Ақсақал деп кімге айтамыз? Жасы үлкен кісіге қатысты атаулар

Қазақта жасы ұлғайған ер адамдарға "қарт", "шал", "абыз", т.б. әртүрлі сөздерді қолданып жатады. Бірақ көбіміз ол сөздердің мағынасын ажырата бермейміз. Бүгінгі материалымызда егде тартқан адамдарға байланысты атауларды ұсынамыз.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі бойынша жүйелесек, шал — жасы алпыс-жетпістен асқан ер адам. Бұлы сөз жалпыхалыққа түсінікті әрі жалпы мағынадағы әдеби сөз. Ал оны Бауыржан Момышұлы бір сөзінде қарт кісілердің төрт түрі болатынын айтып, шал деген сөзге мынадай түсінік береді: "Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт — шал". 

Сонымен қатар Бауыржан Момышұлы "Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария" деп атайды. 

Қазақ арасында "ақсақал" сөзі де жиі қолданылады. Үлкен кісілердің бәрін ақсақал деп айтқанымыз дұрыс па? Қазақ әдеби тілінің сөздігінде "Ақсақал – жасы үлкен, құрметті ер адам, қария", "Ақсақал – тәжірибесі мол, өз ісінің шебері" деген түсінік беріледі. Ал Бауыржан Момышұлы "тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айдынын асырып отырған қартқа ақсақал" деген атау береді.

Ал "елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз" деп атаған.

Ал "қарт" сөзі түсіндірме сөздікте "Қарт – көрген-білгені мол, көп жасаған кісі" делінеді. Қазіргі таңда бұл сөз де жалпыхалыққа таныс, әдеби сөз.
 

Назерке Мұса
Жұма, 02 Шілде, 2021 15:38
Талқылау