Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында садақаға сойылған жылқы етінен ұшынғандар болған жағдайды айтып берді

Ақмола облысында садақаға барған жамағат жаппай астан ұшынып қалды. Оқиға Шортанды ауданында болған. Марқұмды жерлеп болған соң  асқа барған бүтіндей бір ауылдың халқы дәмханадан кейін ауруханадан бір-ақ шыққан. Дәрігерлердің көмегіне  60-қа жуық адам жүгінген.  Болжам бойынша,  кесел сойылған жылқы  етінен таралуы мүмкін, деп хабарлайды КТК арнасы.

Астан ұшынып қалғандардың бірі – Шортанды ауылының тұрғыны Азамат Әбілқайыров. Ол енді ғана сауығып, өз-өзіне келе бастаған. Айтуынша, өткен сейсенбіде қайтыс болған ауылдасын жерлеуге барыпты. Сөйтіп, жаназадан кейін жамағатпен бірге дәмханаға барған. Бірақ, ертесіне денсаулығы сыр беріп,діңкелеп қалғанын айтады.

«Дене қызуымыз көтерілгеннен кейін, ішіміз ауырып, сұйықтық бөлінді. Бүкіл денеміз ауырып, мойыным, басым сыздады. Қан қысымым көтеріліп кетті. Әйтеуір аман қалдық. Ұшынған адамдармен хабарласып хәл-жағдайын біліп отырмын», – дейді Шортанды ауылының тұрғыны Азамат Әбілқайыров.

Тек, Азамат қана емес, дұға қылуға барған өзге 58 адамның да іші өтіп, жүрегі айныпты. Олардың 15-і ауруханадан бір-ақ шыққан. Шортандыда жұқпалы ауруларды емдейтін мекеме болмағандықтан, науқастар Астана мен Ақкөл және Астрахань ауданындағы ауруханаларға жеткізіліп,  қазір ем-дом  алып жатыр. Барлығынан  салмонеллез ішек инфекциясы табылған.  Қалған  43 сырқат  үйлерінде емделуде. Ұшынғандардың арасында  астан берілген сарқытты жеген кішкентай балалар да бар.

Өлімге жиналған жұрт жаппай астан ұшынбас бұрын дәмханадан ас ішкен. Қазір тексеру жүріп жатқандықтан тамақтану орны жабық тұр. Болжам бойынша, тұрғындардың ішек инвекциясын жұқтыруына осында желінген жылқы еті себеп болуы мүмкін. Өйткені, оқыс жағдайдан соң, дереу тексеру жүргізген санитарлық дәрігерлер малдың Шортандыдан 20 шақырым жердегі Егемен ауылында лас жерде сойылғанын анықтапты. Әрі пісірілген жылқы еті, жылы жерде бір тәулік сақталып, кафеге бір күн бұрын жеткізілген.

«Ас әзірленген жері ол Егемен ауылының қарапайым жер үйде пісірілген. Ол үйде ешкім, адамдар тұрмайды. Бос жатқан үйде ас пісіріліп, сол жерде ет туралады. Туралынып, сол жақтан бөшкелерге  салынып, Шортанды ауданына жеткізіледі.Ол үйде жеке бас гигиенасын сақтауға ешқандай жағдай жасалмаған. Су жоқ. Әжетханасы сыртта, бірақ қол жуатын қол жуғыш жоқ», – дейді Ақмола облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Әсем Төлеубаева.

Қазір дауға қалған жылқы еті мен кафе ішіндегі өзге де азық түліктен сынама алынып, зертханаға жіберілген. Әрі малдың денсаулығы туралы құжаттар тексерілуде. Ал, кесел жұқтырған науқастардың жағдайы бір қалыпты. Дәрігерлердің айтуынша, олар осы аптада үйлеріне жіберіледі.

Оқи отырыңыз:

Адам өлтірді деп айыпталған Мұратхан Тоқмәди соттан жазасын жеңілдетуді сұрады

Қазақстандықтар Наурыз мейрамына орай қай күндері демалады

Сәуле Әбединова: Азаматтар, жақсы қыздың сізбен бас қосып жаман қатын болғанына өзіңізден басқа ешкім кінәлі емес

Талқылау