Ақмола облысында тас жолда бір мезетте 15 көлік соқтығысты
Ақмола облысындағы тас жолдардың бірінде 15 көліктің соқытығысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Кадрдан алынған скриншот
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты 14 қаңтар күні сағат 12:20 шамасында болған.
"Астана-Петропавл тас жолының 150-ші шақырымында Астана бағытында Жаңаталап ауылының маңында жол-көлік оқиғасы орын алды. Ауа райының қолайсыздығынан Щучье қаласынан келген 100-ге жуық көлікті "Тұлпар 503" экипажы алып кетті", - делінген хабарламада.
Көлік жүргізіп келе жатып, жүргізушілердің қажетті қашықтықты сақтамауы салдарынан жалпы колоннаның 15-ке жуық көлігі соқтығысқан. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Жалпы, демалыс күндері Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты полицейлер 600-ге жуық көлікті алып шықты.
Полиция қазақстандықтарды белгіленген жылдамдықты, аралықты және қашықтықты сақтауға, сондай-ақ жол қозғалысын шектеу туралы жедел қызмет хабарламаларын мұқият бақылауға және ауа райының қолайсыз жағдайында елді мекендерден тыс жерлерге шықпауға шақырады.
Айта кетейік, Қазақстанда ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланған болатын. Бес облыста тас жолдың 15 учаскесі жабылды.