Ақмола облысында су тапшылығына байланысты халық саны үш есеге азайған – Сенатор
Сенат депутаты Талғат Жүнісов Ақмола облысында су тапшылығына байланысты халық саны үш есеге азайғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сенатор премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында Егіндікөл ауданында соңғы 10 жылда тұрғындар саны 3 есеге азайғанын айтты. Мұның негізгі себебі су тапшылығы дейді.
"Қазір су тапшылығына Қорғалжын мен Атбасар ауданының тұрғындары да тап болып отыр. Олар Нұра су қоймасындағы суды тұтынады. Аудан тұрғындары жиі құбыр жарылғандықтан сусыз қалады. 12 ауыл ауыз суды орталық су магистралінен алады, ал 4 ауыл тек су тасымалдап ішеді", – деді ол.
Сенатордың пайымдауынша, 50 жыл пайдаланып келген су құбырларының бүгінде сау-тамтығы қалмаған.
"Сарапшылардың сөзінше, құбыр желісінің 90%-ға жуығы шіріп кеткен. Сондықтан су жоғалту деңгейі 70-80%. 2014 жылы құбырды жөндеуге 400 миллион теңге бөлінген, бірақ жұмыстар өз деңгейінде жүріп жатқан жоқ. Ал Нұра су құбыры ауыз сумен қамтамасыз ете алмайтын деңгейде. Жыл сайын облыстық және аудандық бюджеттен құбырдың бір бөлігін жөндеуге ақша бөлінеді, алайда мәселе шешілмейді. Өйткені жүйе толыққанды жұмыс істемейді", – деп мәлімдеді Жүнісов.