Ақмола облысында студентті бопсалап, өзін өлтіруге дейін жеткізген 11 адам сотталды
Ақмола облысында сот екі жыл бойы жәбірленушіні қорқытып, қысым көрсетіп, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізген 11 тұрғынға үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото желі кадрларынан
Деректерге сай, Бурабай ауданында сотталушылар ұзақ уақыт бойы 12 адамнан 130-500 мың теңгеге дейін (жалпы сома 1 140 000 теңге) ақша бопсалаған.
“Сонымен қатар екі сотталушы Н және А жәбірленуші Б-ны өзін-өзі өлтіруіне жеткізген.
Жасалған әрекеттеріне байланысты, сот жеті сотталушыны 4 жылдан 5 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырып, үшеуін 4 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеді. Кәмелетке толмаған Ш жәбірленушілермен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптан босатылды”, – делінген хабарламада.
Жаза тағайындауда сот кейбір кінәлілердің балаларының болуын ескеріп, кінәсін мойындауына және шын жүректен өкінетініне, соттылығының болмауына байланысты жазасын жеңілдетті.
Сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына жалпы сомасы 3 миллион теңгеге моральдық шығын және жалпы сомасы 1 140 000 теңгеге келтірілген материалдық залал өндірілді.
Сонымен қатар сот талқылай келе тәртіп бұзылғаны үшін полиция департаментінің, әкімінің атына жекеше қаулылар шығарды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
