Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында депутат итті көлігімен басып өткен: Экология министрі оны қылмыстық жазаға тарту мәселесін қарастырады

Экология министрлігі Ақмола облысында көптің көзінше итті басып кеткен мәслихат депутатына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: depositphotos.com, Ақмола облыстық мәслихаты

14 мамырда үкіметте өткен баспасөз мәслихатында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев бұл фактіні құқық қорғау органдары тіркегенін айтты.

"Ол жануарларға қатыгездік жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Егер жануар өліп қалса, онда қылмыстық кодекстің 316-бабымен жазаға тартылатын еді", – деді ол.

Бірақ журналистер жануардың өліп кеткенін айтты. Одан кейін спикер полиция департаментінен жағдайды анықтайтынын мәлімдеді. Айтуынша, жазаға тарту – құқық қорғау органдарының құзырында.

"Полиция департаментімен қылмыстық жазаға тарту мәселесін тексереміз. Міндетті түрде жауапкершілікке тарту мәселесін өз бақылауымызға аламыз", – деді Тұрғамбаев.

Оны экология министрі Ерлан Нысанбаев қолдады.

"Итке келтірілген зиянның дәрежесі туралы заңнамалық база бар және ол қылмыстық кодекске сәйкес немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында бағаланады. Менің позициям бойынша жануардың өтіп жатқанын көре тұра, қағып кету – орынсыз нәрсе. Ал бұл үшін ішкі істер министрлігі бар. Мен бұл іс туралы естіген жоқпын, бірақ тергеу, т.б. жағдайларды анықтаймын. Бұл факт толығымен зерттеліп, сұралып, біз міндетті түрде жариялаймыз", – деді министр.

Еске салсақ, Ақмола облысында депутат тұрғындардың көзінше итті көлігімен басып өткені айтылды. Қайрат Ауғалиевке 18 мың теңге айыппұл салынған екен.

Талқылау