Ақмола облысында алты жасар баланың басына белтемір құлап кетті
Ақмола облысының Степногорск қаласында алты жасар балақайға темір конструкция құлап, бас сүйегі жарылды. Бұғы бейнесіндегі темір балалардың ойын алаңына белтемір ретінде орнатылған екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

Кішкентай Мансұрдың басы сол жерде қанжоса болып, ес-түссіз жатқан. Аулада бірге ойнап жүрген балалар болған жағдайды оның анасына телефонмен хабарлапты. Жедел жәрдеммен бірден жансақтау бөліміне жеткізіліп, балақайдың бас сүйегіне трепанация жасалған. Яғни бассүйегін тесіп ота жасапты. Мансұр қазір облысьық балалар ауруханасында жатыр.
Мансұрдың анасының сөзінше, оқыс оқиға болған ауладағы әткеншектер тым сапасыз.
Биыл мектеп табалдырығын аттаған балақайдың ата-анасы болған жағдайды айтып құзырлы орындарға шағымданыпты. Алайда жазаға тартатын ешкім жоқ. Себебі қауіпті алаңдар иесіз екен.
“Ол алаң Кеңес Одағы уақытынан тұр. Бұл жағдайдан кейін тапсырма бердік. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық пен ПИК қалған алаңдарды қарап шықсын. Қазір неге баланста жоқ, оны айта алмаймын. Тексеріс өткіземіз, сынық алаңдарды қайта жөндейміз. Қалғанын ТКШ балансына аламыз”, – деді Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов.
Қазақстанда 2026 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар қалай өзгереді?