“Әкімдіктен басқа кім”: Мәжіліс депутаты Алматы облысындағы орта мектепті 15 миллион теңгеге сатып жіберген деп дабыл қақты
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысындағы орта мектепті жекенің қолына сатып жібергенін айтты. Сөзінше аудан прокуратурасының бұл істі ретке келтіруге шамасы жетпей жатқан көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Депутат мектеп мәселесін көтерген бейнежазбаны әлеуметтік желіде жариялаған. Видеода ол Алматы облысы Қарасай ауданындағы Шалқар ауылының орта мектебін қозғайды. Сөзінше білім ордасын жеке қолға 15 миллион теңгеге сатып жіберген.
“Сіздерге бір сұмдықты айтайын. Біз бар мектептің өзін сатып жатырмыз қазір. Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломоносов атындағы орта мектепке соңғы жылдары толығымен жөндеу жұмысы жүріп, жаңадан спорт залын салып берді. Ауыл балалары қуанып жүргенде, мектепті жекенің қолына сатып жіберген. Кім сатады? Әрине, оны әкімдіктен басқа кім сатушы еді. Ол біреуден алған 15 миллион теңгеге сатқан, одан тізбектеліп, әрі қарай 80 миллионға басқа біреуге сатқан. Бұл мәселені прокуратураға айттым “Қайда қарап отырсыздар” деп. Олар "шамамыз келмейді" дейді. Сот біздің шағымымызды қабылдамайды деп отыр. Сол ауылдағы құлайын деп тұрған үйдің өзі 17 миллион теңге тұрады”, – дейді депутат.
Сондай-ақ, ол дәл сол ауылда құлайын деп тұрған тұрғын үйдің өзі 17 миллион теңге тұратынына тоқталады. Ал бүтіп бір мектепті 15 миллион теңгеге сату миға симайды деп отыр.
Осылайша сөзін қорытындылаған депутат Алматы облысы әкімдігіне 2 ай ішінде мектепті кері қайтаруға уақыт берді.