Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақбота Сейтмағамбет: Жанарымда көп адам түсінгісі келмей жүрген жайымның шындығы жатқан шығар

Ақбота Сейтмағамбет "жанарыңнан мұң көремін" деген оқырманына жауап берді. Әнші шын мәнінде өзгелерге білдірмеу үшін күлімсіреп жүретінін жасырмады. Бұл туралы Ақбота Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz.

"Кейде сырт келбет, жүздегі күлкі үнемі шынайы бола бермейді. Айналаңдағы жақындарыңды алаңдатпай, алдаңқырау үшін де күлімсірей салатын кезің болады. 

Алайда көз жалған айтуды үйренбеген, мүмкін жанарымда көп адамның түсінгісі келмей жүрген жайымның шындығы жатқан шығар...
Ауызбен айтуға қиын дүниелерді көз ғана жеткізеді, ал көздің тілін бәрі түсіне бермейді", – деп жан сырын ақтарды ол.

Шаңырағы шайқалып, отбасының шырқы бұзылған арулар бүгінде Ақботадан кеңес сұрайды. Себебі өткенді артта қалдырып, аяққа қалай тұруға болатынын Сейтмағамбет жақсы біледі. 

"Ол кім-кімге де ауыр тиетіні анық. Ажырасу – ең соңғы нүкте. Демек, сіз өткен өміріңізбен қоштастыңыз деген сөз, ендеше оны жаңа өміріңізге сүйрелеп, жүк қылып, қашанғы көтеріп жүрмексіз?! Бойыңызға қайратыңызды жиыңыз, намысты оятыңыз!

Өлеусіреп, кеудедегі құр жанмен тірі жүргеніңізді емес, қайта ажырасқаннан кейін қалай мықты өмір сүріп бастағаныңызды көрсетіңіз. Онсыз да адам бұрынғысынан да жақсы боламын деп ажырасады емес пе? Әйтпесе жүре бермедіңіз бе сол баяғы күніңізге риза болып? Тек алға", – деп кеңесін аямады ол. 



Фанаттар Ақботаның белсенділігіне қайран қалады. Өнер иесі екі балалы болғанына қарамастан, таңғы бағдарламаны жүргізіп, қатарынан сериалдарға түсіп үлгеруде. Арасында ән шырқап, клипке түсіп жүргені тағы бар. Сейтмағамбеттің өмір салтына қайран қалған оқырманның бірі оған "демалуға" кеңес берді. Оған Ақбота: 

"Жастық жалын, күш-қуат барда аттай шауып, жұмыс тындырып жүргенге не жетсін? Бұл кезең тым қысқа, қарттық тез-ақ жетіп келеді (соған жеткізсін). Сол кезде зейнетін көріп, демалып үлгереміз", – деп жауап берді.
 

Талқылау