Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Air Astana сотта жеңіліп, әуежайда жалғыз қалып қойған Зеренің отбасына 5 миллион теңге төлейді

Air Astana әуе компаниясы Зере Ғалиева есімді 12 жасар қазақстандық қызға моральдық өтемақыны 5 миллионнан 1,5 миллион теңгеге дейін төмендетуге қатысты сотта жеңіске жете алмады. Қыз Fly Arystan лоукостерінің рейсіне жіберілмей, Астана әуежайында жалғыз қалған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Freepik.com

Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотының шешіміне қатысты Air Astana берген апелляциялық шағымды қарау аяқталды.

"Тасымалдаушы моральдық өтемақыны 5 миллионнан 1,5 миллион теңгеге дейін төмендетуді сұрады. Алайда Алматы қалалық сотының сот алқасы апелляциялық шағымды қанағаттандырудан бас тартып, бірінші соттың шешімін күшінде қалдырды", – деп мәлімдеді отбасының адвокаты Данильхан Шағатаев.

12 жасар Зере Ғалиеваның анасы сот шешімі бойынша 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы алады.

"Бұл даулы істің аяқталғанына қуаныштымыз және жеңіске жеткенімізді мақтанышпен айта аламыз. Сот шешімі заңды күшіне енді. Бұл іс болашақта үлгі болары анық", – деді адвокат.

2024 жылдың жазында кәмелетке толмаған Зере Ғалиева мен оның егізі Зәуре Ғалиева "Астана-Орал" рейсімен АҚШ-тан оралған соң ата-анасына ұшып келуі керек еді. Бірақ Fly Arystan әуе компаниясы Зереге рейске отыруына мүмкіндік бермеді.

Сотта жердегі қызметкер әуе компаниясы 188 орындық ұшақты 180 орындық ұшаққа ауыстырғанын түсіндірді. Сөйтіп Зере 181 болып, рейске кіре алмаған жалғыз жолаушы атанды. Сот Fly Arystan әуе компаниясын Зере Ғалиеваның анасына 5 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.



Еске салайық, бұған дейін қыздардың анасы әлеуметтік желіде Fly Arystan компаниясының әрекетіне шағымданып, пост жариялады. Оның айтуынша, әуе компаниясы 4 миллион теңге ұсынған, бірақ кешірім сұрамаған. Кейінірек әуе тасымалдаушы ресми түрде кешірім сұрады. Бірнеше ай бұрын FlyArystan әуе компаниясы 12 жасар қызды бортқа жібермей, Астанада жалғыз қалдырып кеткені үшін сотқа тартылып, айыппұл төлеуге міндеттелген еді. Кейін Air Astana компаниясы апелляциялық шағым түсірді.

Талқылау