"Ағамыз дін аман": Желіде Мұхтар Шахановтың қайтыс болғаны туралы ақпарат тарауда
Әлеуметтік желілерді Мұхтар Шахановтың өмірден өткені туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл хабарды ақынның орынбасары Құдияр Біләл жоққа шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"ҚҰЛАҚТАНДЫРУ!!!
Кей ағайындар әлеуметтік желі бетінде: "Мұхтар Шаханов дүниеден озыпты" деп хабар таратуда. Басын ашып айтайық, жаңсақ хабар. Ағамыз дін аман. Қазір ғана сөйлестік. Сондықтан өтірік ақпарды таратуды тоқтатайық!", - деп жазды Facebook-те ол.
Бұл ретте Құдияр Біләл халықтан сүйінші сұрап, Шахановтың жағдайы жақсы екенін жеткізді.
"Қазір ғана Мұхтар Шаханов ағамызға жолығып қайттық. Аурухана қаланың сыртында. Ішке кіргізбейді. Мұхтар ағамызбен терезе сыртынан тілдестік. Жағдайы жақсы. Дәрігері: "Екі-үш күнде шығарып қаламыз", - деді. Сосын өз тілінде Мұхаң ауруының мөлшерлік деңгей көрсеткішін айтып шықты. Біз өз тарапымыздан: "Ол қанша болуы керек еді?", - деп сұрадық. Білгеніміз, Мұхаңдыкі сол қалыпты деңгей шамасында екен.
Дәрігер де қазақ қой, ол да: "Әлеуметтік желіде айтылып жатқан әңгімелері біз де естідік. Сондықтан дәрігер ретінде айтамын. Мұхтар Шахановтың жағдайы өте жақсы. Менің осы сөзімді халыққа жеткізіңіз", - деді. Мен дәрігер қарындасыма: "Мұхаңды жақындау жерден суреттке тартып беріңізші", - деп өтініш жасадым. Мұхаң өзін суретке түсіретінін білгенде шашын тарақтап, реттеле бастады. Жалпы ауруханадан осындай қуанышты көңіл ауанында қайттық. Баршаңызға рахмет, тілеулес ағайын!", - деді ақынның орынбасары.
Бұған дейін Мұхтар Шахановтың өкпесі қабынып, ауруханаға түскені хабарланды. Кейін Құдияр Біләл жүрекке салмақ түсу қаупі бар екенін жеткізді. Тіпті, ол аурухана әкімшілігі Шахановты ауруға шалдыққан көп адамның бірі ретінде ғана қабылдап жатқанын айтып, президентке ашық үндеу хат жолдады.