Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ағалар ерлігі – ұрпаққа аманат": Астанада жастарды көктемгі әскерге шығарып салу шарасы салтанатты түрде өтті

Астанада "Ағалар ерлігі – ұрпаққа аманат!" атты әскери-патриоттық шара өтті. Салтанатты жиында бұрын өздерін үздік көрсеткен сарбаздарға тегін оқуға грант сертификаттар табысталып, жаңа буынды көктемгі әскерге салтанатты түрде шығарып салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Отан қорғаушылар күні" мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шара Астана концерт залында өтті. Шараның мақсаты жастарды әскери патриоттыққа тәрбиелеу және әскери қызметтің оң беделін одан әрі көтеру.

"Ағалар ерлігі – ұрпаққа аманат!" акциясына Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар бойынша орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков, Сенат депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Әлішер Сатыбалдиев, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Астана қаласының қорғаныс істері департаменті басшылығы, әскери қызметкерлер мен ардагерлер, оқушылар, "Жас сарбаз" тәрбиеленушілері және әскерге шақырылған жастардың ата-аналары қатысты. Шарада жалпы 1500-ден астам адам қатысты.

 

Шара оқушылар мен қонақтардың қару-жарақ пен әскери киім үлгілерін тамашалаудан басталды. Кейін залда бейнероликтер көрсетіліп, сарбаздарға оқуға түсу мен жаңа бастамалар туралы ақпарат берілді. Кейін қала әкімінің орынбасары сөз сөйлеп жас сарбаздардың патриоттық рухын оятты.

Жиын барысында жас буынды 2026 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу өткізілді. Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар бойынша орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков жас сарбаздарға сәттілік тіледі. 

“Осы көктемгі әскерге шақыру науқанында әскери бөлімдерге 21 мыңнан астам 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарымыз жіберіледі. Солардың кезекті бір бөлігі міне орталарыңызда отыр! Еліміздің іргесінің берік, қорғаныс қабілеті жоғары болуына осы жастарымыз өз үлестерін қосып, ер азаматтың қасиетті міндеті – Отан қорғаушы атағын алу құрметіне ие болып отыр!
Отан қорғау – бұл жай ғана сөз емес, бұл әр ер азаматтың өз үйі мен отбасын, шаңырағын қорғауды үйренуі. Заманауи техника мен қару жарақты игере білу. Ал ең бастысы өзінің ерік пен жігер күшін адамзаттың жарқын болашағы үшін жұмсай алуы! "Алдыңғы толқын ағалар – кейінгі толқын інілер" деп халқымыз айтқандай келешекте әскер бастайтын қолбасшылар мен сақа сарбаздар да араларыңызда бар. Оған біз сенімдіміз! Тек өзін қорғай алатын мемлекет қана тарихтан өз орнын алады, дамиды, өркендейді. Болашақ сіздердің қолдарыңызда!”, – деді Асқар Мұстабеков.

Мерекелік кеште аға буын ардагерлер жастарға жалынды сөздер айтып қолдау білдірді. Солардың бірі генерал-майор Марат Нұғманов. Ол елді қорғау әр азаматтың ең басты парызы екенін алға тартты.

“Өр мінезді, өжет бабаларымыз, қайсар мінез қайратты аталарымыз, батыр тұлғалы ер жүрек батыр әкелеріміз, батыл да байсалды ағаларымыз Отанымыздың ешқашан намысын бермеген! Осы ұлан ғайыр байтақ елімізді атадан балаға аманат етіп қалдырып келеді! Олай болса, келер ұрпаққа бұл аманатын жеткізу біздің парызымыз! Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өзінің қасиетті борышын абыроймен орындаған Отан қорғаушыларға осында отырған барша ардагерлердің атынан алғысымды білдіргім келеді! Бүгін осында келіп отырған сарбаздардың аналары мен әкелеріне еліміздің нағыз патриоттарын тәрбиелегені үшін алғыс айтамын. Ал, сіздерге – бүгінгі жас буын, біздің қазақстандық айбынды әскеріміздің қатарында қызмет етіп, батылдық пен абыройдың жоғары дәрежесін көрсетулеріңізді тілеймін!”, – деді Марат Нұғманов.

Іс-шара кезінде запасқа босатылатын мерзімді қызметтің үздік сарбаздарына жоғары оқу орындарына тегін оқуға түсуге сертификаттар берілді. Сонымен қатар саладағы үздіктер алғыс хаттармен марапатталды.

Мерекелік кеш патриоттық рухтағы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 15:57