Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 1 қазаннан бастап не өзгереді

Қазақстанда 1 қазаннан бастап жылжымайтын мүлік салығын төлемегендер шот ашып, ақша аудару, сынды қызметтерден қағылады. Сондай-ақ елімізде Атом электр станциясын салу мәселесі шешімін табады. Stan.kz тілшісі қазан айында болатын өзгерістерге шолу жасады. 

Қазақстанда мүлік салығын 1 қазанға дейін төлемегендер кей қызметтерден қағылады

1 қазанға дейін жылжымайтын мүлік салығын төлемеген мыңдаған тұрғын шот ашып, ақша аудару, несие рәсімдеу секілді қызметтерден қағылуы ықтимал. Әрі төлемді кешіктірген әр күні үшін өсімпұл жүреді.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, Алматыда 55 мың адам 735 миллион теңгенің салығын төлемеген. Бұл құны 3 миллиард теңгеден асатын 642 мыңнан астам мүлік деген сөз. Оның ішінде тұрғын үй, пәтер, саяжай және гараждар бар.

Оның үстіне өткен жылмен салыстырғанда салық салу нысандарының саны мен бағасы өскен Әсіресе, жаңа нысандар Бостандық ауданында тіркеліпті. Ал төленбеген салықтың негізгі сомасы Медеу ауданының тұрғындарына тиесілі екен. Борыш 315 миллион теңге болады. 



1 қазаннан бастап коллекторлар жаңа әдіспен жұмыс істейді

1 қазаннан бастап коллекторлар борышкермен берешек шарттарын реттеуге тиіс. 

Коллекторлық қызметтің жаңа ережесіне сай агенттік қарыз алушыға міндеттемелерін орындау талаптарын өзгерте алатыны туралы хабарлауға міндетті. 

Фото: novos.mk.ru

Осылайша, борышкер қарызды кейінге қалдыру, төлем мерзімін өзгерту, комиссиялардың күшін жою бойынша ұсыныс айта алады. Коллекторлық ұйым нақты шешімді 15 күн шығаруы керек. Егер тараптар ымыраға келе алмаса, борышкер банктік немесе микроқаржы омбудсманына жүгінуге құқылы. 

Ал 2026 жылдың 1 мамырынан бастап коллекторлар сыйақыны борыш сомасынан шығаруға міндеттеледі. Бұл жаңашылдықтар несие алушыларды азайтуға бағытталған. Қазір елдегі мерзімі өткен қарыз мөлшері 1,5 триллион теңгеден асады. Ал коллекторларға 400 миллиард теңгеге жуық қарыз берілді.

6 қазанда АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді

Тоқаев Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумның 6 қазанда өтетінін мәлімдеді. Президент атом электр станциясы туралы референдум секілді маңызды шешімдер жұртпен бірлесіп жасалуға тиіс екенін айтты. 

Кейіннен Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина Қазақстанда Атом электр станциясын салу бойынша референдум өткізуге қанша қаражат жұмсалатынын айтты. Оның сөзінше, референдумға жұмсалатын шығындардың жалпы сомасы, 15,5 миллиард теңге. Бұл сома 63 мемлекетте орналасқан және ашылған 78 шетелдік сайлау учаскелерінде республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізуді қамтиды.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, АЭС құрылысы бойынша референдум 6 қазанда сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Кейбір учаскелерде дауыс беру уақыты өзгертілуі мүмкін.

Дауыс беру нәтижелері 7 күн ішінде жарияланады. Барлығы 10 мың 327 сайлау учаскесі ашылады, оның 72-сі Қазақстаннан тыс жерде. 2024 жылы 1 шілдедегі жағдай бойынша 12 миллион 176 мың 968 азамат дауыс бере алады. 

Сондай-ақ референдумда дауыс берушілерге берілетін бюллетеннің үлгісі де жарияланды. 

Бюллетеньде "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген бір ғана сұрақ болады. Таңдау үшін екі жауап нұсқасы берілген:

- Иә, келісемін.
- Жоқ, келіспеймін.

Пойыз билеттерінің бағасы қымбаттайды

1 қазаннан бастап елімізде пойыз билеттері 20%-ға қымбаттайды. Ұлттық тасымалдаушы кондиционері жоқ вагондардағы билеттерге 20%-ға дейін жеңілдік береді.

Көлік министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде 14 теміржол тасымалдаушысы және 140 жолаушы бағыты бар. Тарифтің көтерілуі оның 62-сіне әсер етеді. Бұл өзгеріс, пойыздарда көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға негізделіпті. Ссонымен қатар теміржолшылардың еңбекақысын көтеру үшін жасалып жатыр екен.

Өзгеріске сай, 1 қазаннан бастап, Talgo бағасы шамамен 19 493 теңге, стандартты пойыздарда купе құны 19 653 теңге, резервтік орын 12 871 теңге болады. Қала маңындағы пойыздарға билет құны 6 314 теңгеге тең болады.

Жедел жәрдем қызметіне қатысты бұйрық жобасын талқылау аяқталады

Қазақстандықтар 8 қазанға дейін Денсаулық сақтау министрінің жаңа бұйрығының жобасына "мақұлдаймын" немесе "қарсымын" деп дауыс бере алады. 

Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем ережелеріне түзетулер жобасын дайындаған еді. Оның негізінде, енді жедел жәрдем шұғыл емес шақыртуларға бармайды деген ақпарат тараған еді. 

Түзетулерге сәйкес, жеделдіктің 4-санатындағы қоңыраулар түскен кезде, яғни науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнбеген жағдайларда “жедел жәрдем" жұмыс күндері сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін және сенбі күні түске дейін қызметте болады. 

Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігі Сағат 20.00-ден кейін және демалыс күндері-шақыртуларға қызмет көрсетуді жедел жәрдем бригадалары жүзеге асыратынын айтқан еді. Мәлімдеулерінше, азаматтар үшін ештеңе өзгермейді, бірде-бір шақырту назардан тыс қалмайды. Бұл пациенттерге қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасын одан әрі жақсартады деп санайды.

Air Astana Лондонға тікелей рейсін қайта іске қосады

Air Astana Алматы-Лондон бағытында тоқтаусыз рейстерді қайта іске қосады. Air Astana компаниясы Airbus серіктестігімен бірлесіп, өзінің алыс қашықтыққа ұшатын рейстерінің тиімділігін арттырып отыр. Airbus A321LR ұшағына қосымша жанармай бактарын орнату арқылы алыс бағыттарға техникалық тоқтаусыз тікелей ұшуға мүмкіндік жасалды.

Әуе компаниясы 2024 жылдың 4 қазанынан бастап, Air Astana Алматы – Лондон бағытындағы тікелей рейсті қайта іске қоспақ.

Бұл бағыт Алматы қаласынан 2022 жылдың наурыз айынан бері Ақтау қаласында техникалық тоқтаумен орындалып келген еді. Жаңа өзгерістердің арқасында ұшу уақыты 1 сағат 30 минутқа қысқарды. Енді жалпы ұзақтығы 9 сағат 35 минут болады.

Астана әуежайы қазан айынан бастап жұмыс кестесін өзгертеді

Фото: astana.vibirai.ru

Астанадағы халықаралық әуежайы тәулік бойы жұмыс істеу режиміне қайта көшеді. Елордалық әуе айлағы ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстарының мерзімінен бұрын аяқталғанын мәлімдеді. 

Аталған әуежайда 2024 жылдың 1 мамырында басталып, 24 желтоқсанға дейін жоспарланған жұмыс аяқталды. Әуежай 2024 жылдың 5 қазанынан бастап сағат UTC 01:00-де қалыпты ұшу-қону жолағында жұмысын жалғастырады. 

Халықаралық әуежай жөндеу жұмыстарының аяқталмағанын, алайда бұл рейстерге әсер етпейтінін жеткізді. 

"Жүргізілген жұмыстар барысында 26 мың 746,64 шаршы метр болатын негізгі жолдағы асфальтбетон жабындысы мен алаңы 53 мың 920 шаршы метр ұшу-қону жолағындағы асфальт-бетон жабындысы ауыстырылды. Мердігер орындаған қалған ұсақ-түйек жұмыстар рейстердің тұрақтылығына әсер етпейді", –делінген хабарламада. 

Әуе компаниясының қызметкерлері де жолаушылар мен авиакомпанияларға осы кезеңде түсіністік пен шыдам танытқаны үшін алғыс айтты.

Қазан айында қазақстандықтар 9 күн демалады

Фото: Stan.kz

Қазанда қазақстандықтар Республика күніне орай  25-27-сі аралығында үш күн демалады. Ал аптасына бес күн жұмыс істейтіндер 9 күн демалады. Олар Республика күніне байланысты 25, 26, 27 қазанда қатарынан демалысқа шығады. 

Ал алты күн жұмыс істейтіндер үшін бір айда 6 демалыс болады. Сондай-ақ 25 қазан – демалыс күні, 26 қазан – жұмыс күні, 27 қазан демалыс.

Республика күні – еліміздің басты және жалғыз ұлттық мерекесі.

Еліміздің бірқатар өңірлерінде жылыту маусымы басталады

Қазақстанның төрт өңірі - Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстары мен Астана қаласында жылу беру маусымы басталып кетті. Енді 1 қазаннан бастап Абай, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында жылу беріледі. 

Энергетика министрлігінің мәліметінше, барлық электр станциялары жылыту маусымының басталуына дайын. Олар негізгі жабдықтармен, соның ішінде қазандықтармен және турбиналармен қамтамасыз етілді. 

"2024 жылы электр желілерін тарату компанияларының электр желілерінде 20,8 мың км электр беру желілерін, 422 қосалқы станцияны және 4054 тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу көзделген. Қазірдің өзінде 19,9 мың км электр желілері, 376 қосалқы станция және 4046 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станциялар жөнделді. Жылумен қамту саласында 2024 жылы 546 км жылу желілерін күрделі жөндеу және жаңғырту жоспарланған. Қазіргі уақытта 516,3 км жылу желілері жөнделді, бұл жылдық жоспардың 94,6% болады дейді. 

Талқылау