Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құрамында психотроптық зат бар": Ресейде адыраспан өсіруге және пайдалануға тыйым салынды

Ресейде адыраспан өсіруге, сақтауға және пайдалануға тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: bukhara-news.uz

Ресей мамандарының айтуынша, адыраспанның құрамында психотроп зат бар. Ал елімізде бұл шөптің қасиетті өсімдік деп санайды. 

Бұл мәселе бойынша қазақстандық нарколог дәрігелер ресейлік мамандардың тыйымына күле қарады. Оның айтуынша, күз түсіп жаз шыққанша еліміздің қай жерінде болмасын, базарда адыраспанға сұраныс артады.

"Себебі тұрғындар тұмаудан түшкіре қалса, бұл шөптің түтінің өзі емге дауа деп сенеді. Тіпті пандемия кезінде тұтататын адыраспан таппай талай адам сабылған. Ол кезде бір бумасының құны мың теңгеден асқан еді. Қазір оңтүстікте де, батыс пен шығыста да адыраспанның бауын қолжетімді бағаға сатып тұр", – деді нарколог маман.

Ал Шымкент тұрғыны Қамшыбек Берікұлы адыраспанның бір бауын 250-300 теңгеден сатып жатқанын айтты.

"Коронавирус пандемиясы кезінде таппай қалдық. Ол кезде бір бауын мың теңгеден саттық. Адамға зияны жоқ қой. Пайдасы бар, зияны жоқ. Бұл тұмауды кетіреді. Бала-шағаны басынан, иіскетіп тұрамыз, аптасына бір рет, жұма күндері. Мал жемейтін шөпті қазақ жұртты қасиетті санайды. Тіпті бәле-жала жоламайды деп, үй іргесіне іліп қоятындар да бар. Одан қалды бесіктегі баланы да, жаңа түскен келінді де осы өсімдікпен аластайды. Күнделікті тұрмыста да кәдеге жаратады", – деді Шымкент тұрғыны.


Сонымен қатар этнограф Фарида Оразқызы қазақ тұрмысында адыраспанның тек емдік қана емес, сонымен қатар мұны шикізат ретінде де пайдаланғанын еске салды.

"Бұдан алынған тұнба түрлі бояу, тұрымыстағы зиянкес жәндіктерді жоюға тұнбасын пайдаланады. Қазақ жұрты қадір тұтқанымен, адыраспаннан Ресей үкіметінің өзі қорқып отыр. Көрші ел премьер-министрі Михаил Мишустин мемлекеттік бақылауға жататын есірткі заттарының құрамына осы өсімдікті енгізу туралы қаулыға қол қойды. Ал қазақстандық наркологтар бұған аң-таң. Нашақорлардың адыраспан қолданып, есіріп-еліргенін көргеміз жоқ дейді дәрігерлер", – деді этнограф.

Ақтөбе облысы есірткіге тәуелді науқастарды оңалту бөлімінің меңгерушісі Айман Жұмашева болса, адыраспанның есірткі дегенін бірінші рет естіп тұрғанын айтты.

"Есірткіге тәуелді адамдардан сұраймыз ғой, ешкім адыраспан қолданамыз, адыраспаннан істейміз деген емес. Үйді аластау, ауырғанда емге дәру деп айтады ғой. Ал енді есірткі дегенді мен бірінші рет естіп тұрмын. Мамандар адыраспанның сабағы мен дәні улы екенін айтады. Құрамында есірткілік қасиетке ие алколоидтар бары рас. Бірақ ол небәрі төрт пайызға де жетпейді екен. Сондықтан түтіннен қорқудың қажеті жоқ", – деді оңалту бөлімінің меңгерушісі.

Талқылау