Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адамдар тірі қалудың қамын жасап жатыр": Кабулда тұратын қазақ Ауғанстандағы жағдай туралы айтып берді

Ауғанстан аумағында “Талибан” қозғалысы өршіп тұр. Наразы топ бұл аймақтан АҚШ әскерінің кеткенін қалайды. Тәліптер мен үкімет әскерінің арасындағы қарсылық күннен күнге күш алуды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Азаттық радиосына” сілтеме жасап. 

Кабулда тұратын этникалық қазақ Зияболкак Муслимбек тәліптердің Тәжікстан, Түркменстан мен Өзбекстан шекарасына жақындауы Орталық Азияның алаңдаушылығын тудырғанын айтады. 

“Қазір Ауғанстанда жағдай өте қиын. Кабулдан басқа барлық қалада саяси жағдай өршіп тұр. Көптеген провинциялар мен орталықтар, кішігірім қалалар тәліптердің қол астына өтті. Тек қана елдің астанасы үкіметтің бақылауында. Ұлтаралық бөліну де басталды. “Сен тәжіксің, сен басқасың” дейтін болды. Екі күн бұрын Даште-Барчи қаласында бомба жарылды. Қарапайым тұрғындар қаза болды”, – дейді Зияболкак Муслимбек.

Ол қазіргі кезде Ауғанстандағы көпетеген қазақтар елшілікке жүгініп, елге қайтуға әрекет жасап жатқанын айтты. 



“Мен 25 қазақ отбасымен таныспын. Олар ассимиляцияға ұшырап, жергілікті халықпен араласып кеткен. Тәліптер шабуылдамай тұрып, кейбір қазақтар Отанға оралды. Мысалы менің ата-анам қазір Түркістанда тұрады. Ал екі бауырым тәліптерге өтіп кеткен ауылдарда қалып қойды. Қазір оларға ешкім тисіп жатқан жоқ. Барлық адам “қалай тірі қаламыз” деген қорқынышпен өмір сүруде”, – дейді ол. 

Сонымен қатар ол қазіргі саяси жағдайға тоқталды. Оның сөзінше, тәліптер ерекше жаулау әдісін пайдаланып отыр, олар қазір халықтың сеніміне кіруді ойға алған көрінеді. 

“Тәліптер мен ауған үкіметінің арасындағы қақтығыс көптеген жылдар аралығында болып келе жатыр. Біз көзімізді ашқаннан оқтың дауысын естіп өстік. Бұл жолы тәліптер басқа тәсіл бойынша әрекет етіп жатыр. Олар қарапайым халықпен жақсы қарым-қатынас орнатуды қолға алуда. Жаулап алған аймақтарда бейбіт өмір жалғасуда. Халықпен бізді жақтасаңдар, тиіспейміз деп келіскен. Қазір халықтың ойы екіге бөлінді. Бірі тәліптерді жақтаса, енді бірі үкіметті жақтап отыр. Жағдай түсініксіз. Бұл уақытша алдаусырату деп ойлаймын. Халықтың сеніміне кіргеннен кейін тәліптер білгендерін жасайтын болады. Ауғандардың басым бөлігі тәліптердің билікке келуіне қарсы. Егер олар билікке келетін болса, жағдай тіпті нашарлай түседі, азаматтық соғыс басталып кетуі де мүмкін”, – дейді ол. 

Еске салсақ, АҚШ ауғанстандық босқындарды қабылдауға байланысты Қазақстанға ресми түрде өтініш білдірген жоқ. Бұл туралы сыртқы істер министрлігі мәлімдеген болатын. 

Талқылау