Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйінді астынан денесі табылды": Қостанай облысында қария өртенген үйдің ішінен шыға алмай қалған

Қостанай облысындағы орман өртімен күрес кезінде құтқарушылар адам денесін тапты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Титов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Фото: ҚР ТЖМ

"Өрт шарпыған аумақтың жалпы ауданы 43 мың га құрады. Алдын ала бағалау бойынша төтенше жағдай нәтижесінде 91 тұрғын үй жойылған, оның ішінде Аманқарағай ауылында – 85 және Озерный ауылында – 6. Өрт басталғаннан бері барлығы 2091 адам эвакуацияланды. Өрт кезінде 12 адам зардап шекті, барлығына медициналық көмек көрсетілді, қазіргі уақытта бәрі үйіне жіберілді. Өкінішке қарай, Аманқарағай ауылындағы үйінділерін зерттеу кезінде үйлердің бірінен 1935 жылы туған ер адамның мәйіті табылды", - деп мәлімдеді ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Титов.

Оның айтуынша, бүгін сағат 15.00-де Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы табиғи өрт ауыздықталды. Жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ.

Қазір учаскелерде 207 бірлік техника, 5 өрт сөндіру пойызы, 1785 адам жұмыс жүргізіп жатыр. Су ағызу құрылғылары бар тікұшақтар әуеден 272 рет су шашқан.

Қостанай облысында орман өрті фактілері бойынша Ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің 341-бабы (ормандарды жою немесе бүлдіру), 204-бабы 2-бөлігі (бөтен адамның мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық істер қозғады.

Талқылау