Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында жасөспірім көше ортасында талмасы ұстап құлап қалды

Абай облысында полиция қызметкері көше ортасында талмасы ұстап құлап қалған баланы құтқарып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Көшенің ортасында талмасы ұстап құлаған бала қиналып жатқан. Өтіп бара жатқан адамдардың ешқайсысы көмектесе алмай, жедел жәрдем шақырады. Сол сәтте тәртіп сақшысы Дастан Толахметов шақыртуға кетіп бара жатқан. Полиция қызметкері есінен танып қалған баланы байқап, көмекке жетті. Шалқасынан жатқан баланың тілі тыныс алу жолдарын жауып, оның дем алуы қиындаған екен. Полиция қызметкері баланы аударып, тыныс алуы қалыпқа келу үшін аузын ашады.

“Жедел жәрдем келіп жеткенше баланы қолымнан босатпай, басын ұстап отырдым. Медицина қызметкерлері келген соң баланы оларға тапсырып, арқамнан ауыр жүк түскендей болды”, — дейді Дастан.

Полиция қызметкері эпилепсиямен ауыратын 15 жастағы жасөспірімге дер кезінде көмекке келді. Қазір баланың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Бұған дейін Қызылорда облысында жасөспірімнің жоғары сынып оқушыларының соққысынан көз жұмғаны туралы жазған едік.

 

Талқылау