Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында боранда мал іздеуге шыққан 8 жасар бала жоғалып кетті

Абай облысында мал іздеуге шығып кеткен 8 жасар бала із-түссіз жоғалып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Туыстарының айтуынша, ол бүгін таңертең атпен мал іздеуге шығып кеткен. Баланың кешке үйге келмегеніне алаңдаған ата-анасы өз бетінше іздеу жүргізген, бірақ таба алмаған соң полицияға жүгінген. 

Полиция баланы іздеу жұмыстарын дереу бастаған.15 минуттың ішінде полиция бөлімінің барлық жеке құрамы іздеуге шыққан. Полицейлерден басқа іздестіру жұмыстарына еріктілер, ауыл және аудан тұрғындары белсенді қатысып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың тапсырмасы бойынша іздеу жұмыстарына Қазавиақұтқару тікұшағы қосылады. Сондай-ақ қорғаныс министрлігімен келісе отырып, 10810 әскери бөлімінің күштері іздеуге тартылды.

“Кештің батуына байланысты ТЖМ авиациясы қолданылмады. Қажет болған жағдайда (іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастыру кезінде) тікұшақ 12 ақпан күні таңертеңгі уақытта ұшады”, – делінген хабарламада.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы 74 адам, 17 техника, 20 жылқы жұмылдырылды. Сондай-ақ ТЖД қосымша күштері жіберілді.

ТЖД мәліметінше, баланы іздеуді ауа-райы жағдайы қиындатып тұр, жедел-іздестіру іс-шаралары облыстың көрші елді мекендері мен аудандарының аумағында да жүргізіліп жатыр.

Талқылау