Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Гілі-Гілі" образымен танылған актер қазір немен айналысып жүр?

"Гілі-Гілі" образымен танылған актер Ерболат Оспанқұлов бүгінде "Қапшағай қаласының халық әртісі" атанып кеткен. Бұл өзі тұрып жатқан өңір халқының берген бағасы. Актердің өзі кино саласынан алыстап кеткенімен, кино сынына үлкен мән береді. 

Бұл туралы "Таңшолпан" бағдарламасында айтылды.

Ерболат Оспанқұлов 1986 жылдан бері Қапшағай қаласында тұрып жатыр. Бұл өңірдің халқы актерді "Қапшағай қаласының халық әртісі" атап кеткен. Ал актер бұрынғы Талдықорған облысы Ақсу ауданында Қарашілік ауылында өмірге келген. Балалық шағы Нарынқол ауданындағы Сарыжаз ауылында өтті. 

"Бала кезден киноға түсуді армандадым. Өнердің бір ерекше саласы кино ғой. Киноға түссем екен дедім. Алматыға келгенде Ардақ Аманқұл ағамыз "Отырардың күйреуін" түсіруге кастинг жариялады. Мен сол кезде бағымды сынадым. Солай киноға түстім. "Адамдар арасындағы бөлтірік", "Гілі-гілі" киноларына түстім. Гілі-гілі бастыпқыда  басты рөл болмаған. Ол кейіпкер шынында өмірде болған. Мен оны өмірде көргенмін. Солай образ қылып жасады да, кейін басты рөлге айналды. Адамдар сол рөліммен көп таниды", – деді Ерболат Оспанқұлов. 

Ерболат мырза актер мамандығы бойынша оқу оқыған жоқ. Актерлік бұл бойына табиғат берген таланты. 

"Бұрын штат деген болды. 1998 жылы тоқтап қалды. Құрылыс компаниясында орынбасар болдым. Басқа жұмыстарға ауыстық. Қазір де басқа саладамын. Бірақ киноға шақырту болса барамын. Әлі де киноға түскім келеді. Киноны іздеп ауырамын. Бірақ сериалдарға түспеймін. Маған ұнамайды", – деді актер. 

Актердің қазіргі киноларға көңілі толмайды. Кино саласын реттейтін, бақылайтын орган болса дейді. 

"Біздің кезімізде сценарийге мән беретін. Қанша тексеруден өтеді. Актерлер қалай таңдалады? Бәрі бір тарих. Киноның өзі өмір бойы қалатын тарих болғандықтан оған қатаң талап керек. Актердің өзі ойнай алмай тұратын кинолар көп қой қазір. Тәлім-тәрбиесі жоқ кинолар жетеді. Соларға қарап қарның ашады", – деді Оспанқұлов. 

Ерболат Оспанқұлов "Адамдар арасындағы бөлтірік", "Айналайын", "Періштенің өлімі", "Қош бол, Гүлсары", "Абай", "Сіз кімсіз, К мырза?", тағы да басқа киноларға түскен  танымал актер. Қазақ кинематографиясына "Гілі-Гілі" образын алып келген дарынды тұлға. 

Талқылау