Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"90-жылдар қайта оралды": ШҚО-да бір топ адам ауыл тұрғынын соққыға жығып, атып кеткен

Оқиға қазан айының 15-і күні ШҚО-да Самар ауылында болды. Ресми ақпаратқа сәйкес, кінәлілер анықталды. Зардап шеккен ер адамның әкесі ұлын атып кеткендер сол күйі жазасыз қала ма деп алаңдайды. Айтуынша, құқық қорғау органдары олардың әрекетін бүркемелеп отыр. Stan.kz тілшісі мәселені толығырақ үңіліп көрді.

"Жақындама, атып жіберемін!"

Қанды оқиғаның қалай болғанын ауыр жарақат алған Руслан Хайруллиннің әкесі Рафхат Хайруллин айтып берді. Сот отырысы әлі өтпегендіктен бұзақылыққа барғандардың аты-жөндері өзгертілді. Белгілі болғандай, кешкі сағат 18:30-да ұлының үйінің алдына бір топ адам келген.

"Самар ауданына 90-жылдар қайта оралды. Бұзақылар көше кезіп, ашықтан-ашық оқ жаудырып жүр. Сол күні топ адам көлікпен келді. Байжігіт Өтенов, Мұрат Алпысбаев, Дамир Көкетов және тағы үш адам бар. Ұлым жұбайы және кәмелетке толмаған екі баласымен үйінде болған. Сол кезде оған Байжігіт Өтенов хабарласып, сыртқа шығуын сұрады. Далаға шыққаны сол еді, алты адам тап беріп, тепкілей бастады", – деді Рафхат Хайруллин.

Қатты айқай-шудан оның келіні мен екі немересі есік алдына жүгіріп шыққан. Байжігіт Өтенов солардың көзінше көліктен тапанша алып шыққан көрінеді. 

"Топ адам біреуді ұрып жатқанда Байжігіт Өтенов ұлымың жамбасынан атып жіберді. Оқ тесіп өткен. Құйымшақ жүйкесіне зақым келді. Қазір ол ауруханада жатыр. Аяғы сезбейді. Мүгедек болып қалу қаупі бар. Одан екі үйі ары мен, жұбайым және кенже ұлым Ринат үшеуіміз тұрамыз. Ринат ол уақытта сыртта жүрген болатын. Естіген бойда бірден ағасының үйіне жүгірді. Барса, Руслан аяғын ұстаған күйі жерде жатыр екен", – деді Рафхат Хайруллин.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан, ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтан, ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен жәрдем сұраған ер адам қазір бұл іске қатысты нақты қадамдар жасалмай отырғандығына наразы.

Кенже ұлы Ринат жетіп бармағанда Байжігіт Өтеновтің тағы бірнеше рет атуы мүмкін екенін алға тартты.

"Сол кезде ол суық қаруды Ринаттың кеудесіне тақап: "жақындама, атып жіберемін!" деп төнсе керек. Кенже ұлымның бар ойы тапаншаны тартып алу болды. Ол бұрынырақта полицияда жұмыс істеген. Оның сөзінше, кешке атылған оқ "Макаров" тапаншасынан шыққан. Жанжалдан қатты үрейленген келінім, немерелерім айқайға басты", – деді Рафхат Хайруллин.

Зардап шеккен адамның жақындары мұны қарақшылық топ деді. Қас қарайып, қанды оқиға өршіп жатқанда жоғарыда аты аталған үшеу атылған адамның жанында тұрған. Қалғандары оқиғаны сәл әріректен тамашалапты. Іс насырға шапқанын аңғарған олар көп бөгелмей, көліктеріне отырып, оқиға орнынан іздерін суытқан.

"Жаралы ұлым Русланды келінім мен кенже балам Ринат дереу Өскемендегі ауруханаға әкетті. Ал оған дейін Самардағы ауруханада жараны таңу кезінде жергілікті полицейлерді шақырған болатынмын. Оқиға орнына барғанда "Макаров" тапаншасына тиесілі жасыл түсті гильза табылды. Өзім де 25 жыл полиция қызметкері болдым, гильзаны ажырату қиын емес", – деді жаралы азаматтың әкесі.

"Оқ атқан адамды ақтап алуға тырысатындай"

Рафхат Хайруллинді адамды жақындарының көзінше жәбірлеп, суық қару пайдалануға не итермелеуі мүмкін деген сұрақ қатты толғандыратын көрінеді. Тағы бір сөзінде Самар ауданы полициясының бейқамдығын сынады.
"Олар алтау болғанымен, Өтенов қана тергеп-тексеріліп жатыр. Ұлымды атқандар түбінде жазасыз қала ма деп қорқамын. Прокуратура мен полиция қызметкерлері болған жайтты бұрмалап, қылмыс жасағандарға жақтасып тұр. Өтеновтің суық қарудан оқ атқаны белгілі. ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, 3-бөлігіне сәйкес бұл ауыр қылмыс ретінде көрсетілген. Дегенмен тергеуші мен прокурор бұл істі ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы, 1-бөлігіне сәйкес қозғап жатыр. Бірақ бұл орташа ауыр қылмыс болып саналады, яғни полиция жеңіл дене жарақаты бойынша іс қозғап, тергеуші оны қолдайды. Араларында әлдебір байланыс бар. Ал сот соңында оқ атқан Өтеновті үй қамаққа алуды құп көреді. Сөйтіп, ақтап алуға тырысатындай", – деді Рафхат Хайруллин.

ШҚО полиция департаменті өкілдері бұған қатысты ресми ақпарат ұсынды. Олардың мәліметінше, Самар аудандық полиция бөлімі бірнеше бап бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Айталық: денсаулыққа зиян келтіру, тіркелмеген қаруды дайындап, оны сақтау.

"Кінәлілер анықталып, сот шешімі үй қамаққа алу шарасын қолданды. Қазір істің анық-қанығы қаралып жатыр. Сот сараптамасы тағайындалды. Бұдан бөлек, қылмыс жасауға итермелеген жайттарды анықтау мақсатында облыстық Полиция департаменті де сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазан айының 19-ы күні Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков зардап шеккен адамның жақындарын қабылдады. Кездесу барысында олардың ойын тыңдап, соңында жедел-тергеу тобы құрылды", – деді ШҚО ПД баспасөз хатшысы Татьяна Карпова.

Анығы сол, жұмыс соңына дейін жетіп, бармақ бастылық болмас үшін департамент басшылығы жағдайды өз бақылауына алды.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосурет ашық дереккөзден)

Талқылау